Астанада LRT ресми түрде іске қосылады: жол жүру құны мен қозғалыс кестесі белгілі болды

12.05.2026 19:00

Желі ұзындығы 22,4 шақырым, 18 станса дайын

Depositphotos

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін осы апта айтулы оқиғамен есте қалмақ. Жауапты компанияның ресми мәлімдемесіне сәйкес, 16–17 мамыр күндері Астананың көлік инфрақұрылымының ең ірі жобасы — жеңіл рельсті көлік (LRT) өз жұмысын бастайды. Қазіргі уақытта қала аумағындағы 18 станса жолаушыларды қабылдауға толық дайын. Жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын желі қаланың маңызды нүктелерін байланыстырып, жол кептелісі мәселесін жеңілдетуге тиіс, — деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі — пойыздардың заманауи технологиямен жабдықталуында. Жолаушыларды тасымалдайтын 15 құрам толықтай автоматты басқару жүйесімен, яғни жүргізушісіз қозғалады. Вагондардың іші кең әрі жайлы, Астананың қатал климатына бейімделіп жасалған. Әрбір құрам бір мезетте 600-ге жуық адамды тасымалдай алады, ал олардың жылдамдығы сағатына 60-80 шақырымды құрайды. Жеңіл рельсті көлік күн сайын таңғы сағат алтыдан түнгі он бірге дейін үзіліссіз қызмет көрсетеді.

Жобаның техникалық дайындығы мен қауіпсіздігі туралы «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев өз ойын білдірді:

«Бүгінде тестілік сынақтар ойдағыдай аяқталды. Тест кезінде рельстер, станциялар, байланыс желісі, басқару жүйелері мен қауіпсіздік тетіктері мұқият тексерілді. Тіпті апаттық сценарийлер де пысықталды. Қазір эстакада айналасын абаттандыру мен клининг жұмыстары жүргізіліп жатыр, бірақ бұл жүйені іске қосуға ешқандай әсер етпейді», — деді басқарма төрағасы.

Жолаушылар үшін төлем жасаудың бірнеше ыңғайлы жолы қарастырылған. Стансалардағы арнайы терминалдар мен кассалардан бір реттік билеттерді немесе ЛРТ көлік карталарын сатып алуға болады. Сонымен қатар, цифрлық технологияларды жанына серік еткен қауым үшін QR-код арқылы төлеу жүйесі де іске қосылған. Жол жүру құны 200 теңге болып белгіленді, ал жеңілдігі бар азаматтар үшін қалалық автобустардағыдай тегін жүру мүмкіндігі сақталады.

Қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Пойыздардың қозғалысын арнайы орталықтағы диспетчерлер үлкен экрандар арқылы онлайн бақылайды. Диспетчер Бағдат Нұрсейін бұл үрдістің қалай жүретінін түсіндіріп берді:

«Мен бүкіл құрамдардағы камералар арқылы жолаушылардың қауіпсіздігін бақылап отырамын. Сондай-ақ вагондардың ішіндегі ауа желдеткіштерін, жылу жүйесі мен ыстықты реттеп, барлық үдерісті қадағалау менің басты міндетім», — деді маман.

LRT жүйесінде барлығы 1000-нан астам адам еңбек етеді. Олардың арасында тәжірибелі шетелдік мамандармен қатар, отандық кадрлар да бар. Алдағы уақытта бұл саладағы жергілікті мамандарды даярлау ісі де жүйелі түрде қолға алынбақ. Елорданың жаңа символына айналатын бұл көлік жүйесі алғашқы кезеңде тәулігіне 45 мыңға дейін жолаушы тасымалдайды деп күтілуде.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде