Астанада өрт кезінде жолды бөгеген жүргізуші жауапқа тартылды

13.04.2026 18:33

Қайғылы оқиғаның кесірінен пәтерден үш баланың мәйіті табылып, ал олардың анасын ауыр күйік шалды

Астанада көпқабатты тұрғын үйден шыққан өрттен аман қалған әйелдің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Оны үшінші дәрежелі күйік шалған. Ал жалын шарпыған пәтерден кәмелетке толмаған 3 баланың денесі шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астаналықтарды түн ортасында шырт оятқан қайғылы өрт дәл осы пәтерде болған. Куәгерлердің айтуынша, алдымен олар анасының көмек сұраған жан айқайын естіген. Алайда көршілері қанша әрекеттенгенімен, есікті ашу мүмкін болмаған. Төтеншеліктердің мәліметінше, есік екі құлыппен бекітілген. Мамандар оны арнайы құралдардың көмегімен ғана аша алған.

Көрші пәтердің тұрғыны Аша Жақсығұлова өрттің басталғанын алғаш болып байқаған. Оның айтуынша, бастапқыда түтін де сезілмеген, өзге күмәнді дыбыстар да естілмеген. Кейін күйіктің иісі келіп, ол дереу сыртқа шыққан. Көршілерінің есігін қағып, ескертуге тырысқанымен, қалың ұйқыда жатқан тұрғындар оған мән бермепті.

«Амалсыздан қиналған адам Құдайға жалынады, сондай дыбыстар естілді. Мен коридорға шығып, көршілердің есігін тарсылдатып айқайлай бастадым. Бірақ есікті ешкім ашпады. Көршілерді көмектесуге шақырып, есікті ашуға тырыстық. Бірақ ешкімде лом болмады. Түтін барынша тез тарап жатқан соң адамдардың шыққаны маңызды болды», – деді көршісі Аша Жақсығұлова.

Өртті сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден балалардың анасы құтқарылып, №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

«39 жастағы науқастың денесін 50-55 пайыз термиялық күйік қалған.Екінші, үшінші дәрежелі күйік шогымен науқас шоққа қарсы палатаға жеткізілді. Шоққа қарсы палатада травматологпен, лор дәрігерімен, анестезиолог, токсиколог мамандар қарап, реанимация бөлімшесіне көтерілді. Бүгінгі жағдайы науқастың ауыр деп саналады», – деді травматолог дәрігер Марат Сабиров.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар 20 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз күшімен шығып үлгерген. Дегенмен, Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт кезінде аулаға кіретін жолдың жабық болуы және ретсіз қойылған көлік-құтқару жұмыстарына кедергі келтірген. Кейін жүргізушінің жеке басы анықталып, әкімшілік жауаптылыққа тартылыпты.

«Өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылып, жеделсатылар бірінші қабатқа автоматты түрде түсті. Сонымен қатар ауладағы кіреберіс металл қақпалармен жабылып, аула автокөліктерге толы болғанына қарамастан, Төтенше жағдайлар департаменті күштері өрттің көрші пәтерлерге таралуына жол берген жоқ», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті.

Ал тұрғын үйге жауапты компания өкілдері сыртта орналасқан қақпаның дер кезінде ашылатынын алға тартады. Олардың айтуынша, егер мұндай қақпа болмаса, аулада көліктер қаптап кетер еді.

«Қақпа ашылмайды деген әңгіме жоқ. Тек көлік тұрды. Егер қапа болмаса, аула ішінде қанша машина тұрар еді?  Үйде бір кіреберісте 200 ден астампәтер бар, машина сыймаған шығар», – деді тұрғын үйге жауапты компания өкілі Болатхан Махмет

Айта кетейік, қазір өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның мән-жайы мен шығу себебі анықталып жатыр.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алматы облысының тұрғындары бірнеше күннен бері жарықсыз отыр