Астанада Pink Run қайырымдылық жүгіру марафоны өтті

Биыл марафонға 500-ге жуық қатысушы жиналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жыл сайын бес мыңнан астам әйелге сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылады. Әлем бойынша осы сырқатқа шалдыққан әйелдерге қолдау көрсету үшін «Қызғылт қазан» айлығы өтіп жатыр. Еліміз де қалыс қалмай, Астанада Pink Run қайырымдылық жүгіру марафоны ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елордада сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күреске арналған жүгіру шарасы екінші рет өтіп жатыр. Өткен жылы алғашқы марафонда 350 адам қатысып, жиналған қаражат ем алып жатқан науқас әйелге берілген. Ал биыл марафонға 500-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында дәрігерлер, еріктілер, пациенттер мен қала тұрғындары бар.

«Өткен жылы алғаш рет марафон өткіздік. Әлем бойынша жыл сайын сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 2 млннан аса әйел анықталады. Ал Қазақстанда 5 мыңнан аса адам тіркелген. Шараның мақсаты – дертке шалдыққан жандарды қолдау», – деді онкомаммолог дәрігер Мұратжан Сақтағанов.

Марафоншылардың айтуынша, бұл шара – тек спорттық сайыс қана емес, өмір үшін жасалған символдық қадам. Дертке шалдыққан нәзік жандыларға қолдау көрсету. Көпшілігі марафонға бірнеше апта бұрын дайындалып, қызғылт түсті киім киіп келген. Қатысушылар әйелдердің өз денсаулығына көңіл бөлуіне және ерте тексерілуіне назар аударады деген сенімде.

«Бұл менің алғашқы қайырымдылық марафоным емес. Бұған дейін бірнеше рет қатысқанмын. Ал осы шара жайлы естігенде арнайы дайындалдым. Ем қабылдап жатқан және ауруды жеңіп шыққан әйелдерді қолдағым келді», – деді қала тұрғыны Ирина Резникова.

Айта кетейік, мамандардың айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігі ерте кезеңде анықталса, оны 95–98 пайыз жағдайда толық емдеуге мүмкіндік бар. Бұл дерттің алдын алу және ерте диагностикалау үшін 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет тегін маммологиялық скринингтен өтуі тиіс.

Оқи отырыңыз: Алматыда Студенттер Лигасының жаңа маусымы басталды

Новости партнеров