Астанада спорт саласының үздіктері марапатталды

13.08.2026 21:56

Елордада Спорт күніне орай сала үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мереке қарсаңында отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге, даңқты спортшыларға, спорт саласының қызметкерлеріне және отандық спортты кеңінен насихаттауға үлес қосып жүрген БАҚ өкілдеріне айрықша құрмет көрсетіп, мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Салтанатты рәсімге Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлнәз Көбенова да қатысып, сала мамандарын марапаттады.

Салтанатты іс-шара барысында Ербол Мырзабосынов ел спортының бүгінгі жетістіктері мен саланы одан әрі дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бүгінде елімізде бұқаралық және балалар спортын дамытуға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге, спортшыларды даярлау жүйесін күшейтуге және жаттықтырушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды шара жүзеге асырылып келеді.

«Спорт саласының жетістігі – ең алдымен спортшылардың, жаттықтырушылардың, ардагерлердің, федерациялар мен спорт ұйымдары қызметкерлерінің, сондай-ақ осы саланы жан-жақты ақпараттық тұрғыда қолдап жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ортақ еңбегінің нәтижесі. Сондықтан бүгінгі марапат – олардың спортты дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген құрмет», – деді министр.

Марапаттау рәсімі барысында ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан сала ардагерлері «Еңбек ардагері» медалімен, ал спорт саласының қызметкерлері «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Спорт саласының үздігі», «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар маман Құрмет грамотасы мен Алғыс хатқа ие болды.

Жалпы, мереке қарсаңында 140-тан астам адам марапатталды.

Оқи отырыңыз: Спорт саласындағы реформалар қандай нәтиже берді

Толық көрсету