Бас қалада баспана құны осыдан 2 жыл бұрын шарықтағаны айтылды
Астанада тұрғын үйді жалға алу құны шарықтап кетті. Өткен айда қалада пәтердің 1 шаршы метрінің бағасы орта есеппен 4 700 теңгеден бағаланған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама қымбаттапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Аружанның пәтер жалдап жүргеніне 1 жылдан асты. Алғашында қаражат үнемдеу үшін әрі арзан болсын деп Астананың оң жағалауынан тұрғын үй жалдапты. Кейін сабағына алыс болып, қатынау қиындаған соң амалсыз баспананы сол жағалаудан іздей бастапты. Қазір бір бөлмелі пәтерге ай сайын 180 мың теңге төлеп отыр.
«Университетке жақын алуға тырыстым. Жалғыз емес, қыздармен алсам біраз арзан болады. Бірақ өзіме тағы жұмыс істеуім керек. Ол пәтердің ақшасын төлеуім керек. Мысалы, 90 мың теңге пәтер жалдауға кетсе, қалғаны тамаққа кетеді», - дейді қала тұрғыны Аружан Айдарханова.
Ресми мәліметке сүйенсек, елде тіркелген жалға пәтер берушілердің саны 124 мыңға жуықтайды. Олардың табысы соңғы 6 жылда екі жарым есе өсіпті. Пәтер қожайындары өткен жылы жеке кәсіпкер ретінде мемлекетке 93 млрд теңгеден астам салық төлеген. Қазір тұрғын үй нарығындағы бағаның күрт өсуінің бір себебі де осы дейді мамандар. Бүгінгі бір баспанадағы әр шаршы метрдің құны 1500 теңгеден 5000 теңгеге қымбаттапты. Жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшылар мұны растап отыр.
«Қазан айында елордада бағаның өскенін байқап жатырмыз. Сол жағалауды алып қарасақ, 3 бөлмелі пәтер бағасы қазір 320 мың теңгеден басталып тұр. Ал жыл басында құны 100 мың теңгеге арзан болған. Шамамен 200-250 мың теңгеге жалдауға болатын. Шаршы метрі сонда 4000 теңгеден шығып тұр», - деді жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшы Ерлан Сүндетбаев.
Бас қалада баспана құны осыдан 2 жыл бұрын шарықтапты. Ал қазір әр шаршы метрі 5000 теңгеге жуық бағаланып отыр. Бір жылдың өзінде пәтер жалдау ақысы 9,9%-ға қымбаттапты. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, дәл осы кезеңде Алматыда баға 1,2%-ға төмендеген екен. Ұлттық статистика бюросының ақпарына сүйенсек, тұрғын үй нарығындағы ең арзан баға қазір Тараз бен Түркістан қалаларында тіркелген.
Жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшылардың сөзінше, келер жылы тұрғын үй нарығындағы баға біршама тұрақталуы мүмкін. Тиісінше, мамандар пәтерақы арзандайды деп болжайды. Бұл өз кезегінде сұранысқа байланысты болмақ. Жалпы, қазір елде тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Аlmaty TV арнасы
Оқи отырыңыз: Тағы қоқысқа тастала ма: Жамбыл облысында қызылша тиеген жүздеген көлік зауыт алдында кезекте тұр