Астанада заңсыз салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешендері анықталды

16.05.2026 11:38

Заң талаптарын елемеген құрылыс салушылар жауапқа тартылады

Аlmaty.tv

Астиана қаласы «Нұра» ауданының прокуратурасы заңсыз құрылыс нысандарын анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмыстарды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Сәулет басқармасымен, «Астана Генплан» ЖШС-мен және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасымен (МСҚБ) бірлескен қадағалау іс-шаралары барысында елордадағы құрылыс алаңдарында елеулі заңбұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, Ш. Айтматов көшесі, 24/8 учаскесінің маңында жапсарлас үй-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы анықталды. Тексеру барысында құрылыс-монтаж жұмыстары сараптаманың оң қорытындысынсыз және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Сонымен қатар, Ш. Айтматов көшесі мен Е164 көшесінің қиылысында жапсарлас үй-жайлары, медициналық орталығы және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы анықталды. Құрылыс жер учаскесіне тиісті құқықсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз, сондай-ақ сараптама қорытындысыз жүргізілген.

Прокуратура жұмыстарды тоқтату туралы хабарламалар алғанына қарамастан, заң талаптарын елемеген құрылыс салушыларға ерекше назар аударады.

"Қала құрылысы саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда", - делінген хабарламада.

Елорда прокуратурасы сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады және құрылыс салушыларды белгіленген нормалар мен талаптарды қатаң сақтауға шақырады.  

Оқи отырыңыз: Алматыда автобус парктеріне қойылатын экологиялық талаптар талқыланды