Астанада жалған бизнес-жоба арқылы ірі көлемде ақша иемденген ер адам сотталды

30.07.2025 15:18

Сот үкімімен оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Аlmaty.tv

Астанада инвестиция түріндегі бизнес-жобаға ақша салуды ұсынған алаяқтық схеманы ұйымдастырушы сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, елорда тұрғыны бизнес-жобаны іске асыру түрінде көрініс тапқан алаяқтық жолмен екі жәбірленушіден 100 млн теңгеден астам ақшаны инвестиция ретінде алып, иемденген.

Сотталушы жоғары кіріс әкелетін IT-бизнеске — ақылы автотұрақ жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған шлагбаумдар орнатуға инвестиция салу және бірлесіп қатысуды ұсынған.

Тергеу және сот процесі барысында ол өз кінәсін мойындамай, жасалған іс әрекетін азаматтық-құқықтық қатынас ретінде танып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтармақ болып, келтірілген материалдық залалды өтеуден бас тартты.

«Сотталушы жәбірленушілерден алынған қаражатты инвестициялық жобаға салмай, жеке қажеттіліктеріне пайдаланғаны дәлелденді. Сот үкімімен оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, келтірілген материалдық шығын өндірілді», - делінген хабарламада.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарға инвестиция және ақшалай қаражат салу туралы күмәнді ұсыныстардан сақ болу қажеттігін ескертеді.

Күдікті жағдайлар дболғанда, құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда кепілсіз онлайн-кредиттерге жаңа шектеулер енгізіледі