Астанада жасөспірімнің үстіне бетон плитасы құлап, көз жұмды

14.10.2025 19:54

Сағат 15:00 шамасында ол анасына хабарласып, телефон қуаты таусылғалы тұрғанын және кешкі сағат 18:00-де үйге келетінін айтқан

Астанадағы құрылыс алаңында кәмелет жасқа толмаған жасөспірімнің үстіне бетон плитасы құлап, ол сол жерде жан тәсілім етті. Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

17 жастағы Ерсұлтан жұмысына небәрі екінші күн ғана барған. Анасының айтуынша, ұлын бетон плиталардың бірі қысып қалған. Негізінде ол тек құбыр орнын қазушы болып істеген, бірақ сол сәтте мүлдем өз қызметіне қатысы жоқ, бетон көтеруге көмекке шақырылған. Сағат 15:00 шамасында ол анасына хабарласып, телефон қуаты таусылғалы тұрғанын және кешкі сағат 18:00-де үйге келетінін айтқан. Алайда бұл оның соңғы қоңырауы болыпты.

«Балалардың айтуынша, басшылары шақырып «көмектесіп жіберіңдерші» деген. Ең соңғы бетонды көтеріп жатқан кезде бәрі үлгеріп, қашып кетеді. Менің балам қалып қояды, басын қысып жібереді дейді ғой. Көрген жоқпын. Баламды көрсеткен жоқ», – деді марқұмның анасы Айгүл Жұбанова.

Ерсұлтанның анасының айтуынша, кран мен жүк көлігін басқарған жүргізушілердің қан құрамынан есірткі заттарының ізі табылған. Бұл туралы марқұмның туыстары тек қорғаушы жалдағаннан кейін ғана білген. Анасы «басында тағдырдың жазғаны шығар деп өзімізді жұбаттық, бірақ мұны естіген соң, мүлде басқа сезімде болдық» дейді. Олар кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

«Алланың жазғаны шығар, қайтеміз» деп әкесін жұбатқам. Қалай адамдарды осындай жұмысқа жібереді? Бұл компанияның басшылары қайда? Жұмысқа алатын кезде, психдиспансер, есірткіге тәуелділігі тексерілмейді ме?» – деді марқұмның анасы Айгүл Жұбанова

Оқиғаға байланысты құрылыс нысанында жұмыс істеген компаниялармен байланысуға тырыстық. Ресми сайттарында көрсетілген нөмірлеріне бірнеше рет хабарласқанымызбен, жауап ала алмадық. Ал Полиция департаментінің мәліметінше, факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Барлық куәгерлерден жауап алынып жатыр.

«Астанадағы құрылыс нысанында кәмелетке толмаған жасөспірімнің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы оқиға орнын тексеріп заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, куәгерлермен, оқиғаны көргендерден жауап алынып,құжаттар тәркіленуде», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Эльмира Шәуленова.

Бұл жағдайға Еңбек инспекторлары да араласты. Олар кәмелетке толмаған баланың келісімшартынсыз жұмыс істегенін анықтаған. Сондай-ақ «оған ауыр жұмыс жүктеу - еңбек заңнамасын өрескел бұзу» деп отыр.

«Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия жұмыс берушімен жұмыскердің өкілі және мердігер және бас мердігер комиссияға енгізілген. Арнайы комиссия мән жайын анықтап әрі қарай материалдар Астана қаласы бойынша Полиция департаментіне жолданады», – деді Еңбек қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Рустам Жандосов.

Айта кетейік, Ерсұлтанның отбасы осы жылдың тамыз айында Қызылордадан елордаға көшіп келген. Ол колледждің 3-курс студенті.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Астанадан

Оқи отырыңыз: Бәс тіктім: шымкентік азамат 26 қаламды бүтіндей жұтқан