37 жастағы жұмысшының артында екі баласы қалды
Астанада жүргізуші жол жүру ережесін сақтамай, жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан екі жұмысшыны қағып кетті. Салдарынан біреуі оқиға орнында көз жұмған, ал екіншісі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Полиция департаментінің сөзінше, автокөлік жүргізушісі Қошқарбаев көшесінен Сарайшық көшесіне қарай бет алған. Алайда ол жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын байқамаған.
«18 тамызда түнгі уақытта «Шкода» маркалы автокөліктің жүргізушісі Сарайшық көпірімен қозғалу барысында жол жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын ескермей, екі жұмысшыны қағып кеткен», – деді Астана қаласы ПБ баспасөз қызметінің бастығы Эльмира Шәуленова.
Денсаулық сақтау басқармасының ресми ақпаратына сүйенсек, жарақат алған екінші адамның жағдайы тұрақты.
«Сарайшық көшесінде болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен ер адам жедел жәрдем қызметімен №2 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Қабылдау бөлімінде бейінді мамандардың тексеруінен өтті. Ауыр жарақат белгілері анықталмағандықтан, науқас тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді. Жалпы жағдайы тұрақты», – деді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жоба жетекшісінің айтуынша, көз жұмған 37 жастағы жұмысшының артында екі баласы қалды. Жауапты мамандар отбасына мүмкіндігінше көмек көрсетілетінін жеткізді.
«Олар жолдағы шұңқырларды жамап жатқан. Тұрғындардың ыңғайы үшін жұмыс түнгі уақытта атқарылды. Барлық ескерту белгілері қойылып, жұмысшылар арнайы киіммен жүрген. Алайда жүргізуші жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Жөндеу жұмыстарын «Заңғар Астана» атты қосалқы мердігер ұйым атқарған», – деді жоба жетекшісі Аян Кәрімов.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ал апатқа қатысы бар деген көлік коммуналдық тұраққа қойылған.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана
Оқи отырыңыз: Атырауда 23 жасар фельдшерді атып кетті