Бұл оқиға кинологиялық қызметтің полиция жұмысындағы маңызын тағы бір мәрте көрсетті
Астанада туыстарымен болған жанжалдан кейін үйінен кетіп қалған 11 жастағы баланы полиция қызметкерлері қызметтік иттің көмегімен тапты. Жасөспірім тұрғын үйдің жертөлесінен анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ішкі істер министрлігінен хабарлағандай, баланың жоғалғаны туралы хабарлама "102" арнасына оның заңды өкілінен түскен. Ақпарат келіп түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, іздестіру жұмыстарын бастады.
Іздеу шараларына Астана қаласы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының мамандары да қосылды. Оларға полиция қызметкері Аслан Елтай жетекшілік етті. Іздестіруге иіс ізі арқылы адам табуға арнайы үйретілген Феликс атты қызметтік ит қатысты.
Кинолог пен оның төрт аяқты көмекшісінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде бала тұрғын үйдің жертөлесінен табылды.
Жеті жастағы Феликс – неміс овчаркасы. Оның толық қызметтік аты – "Созвездие столицы Феликс". Ол иіс ізі арқылы адамдарды іздеуге маманданған. Иттің жоғары сезімтал иіс сезу қабілеті із-түзсіз кеткен адамдарды анықтап, олардың жүрген бағытын бақылауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Феликстің қатысуымен 18 іздестіру дерегі пысықталған. Қызметтік иттің қабілеті хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеуде ғана емес, түрлі құқық бұзушылықтарды ашу кезінде де тиімді қолданылып келеді.
Бұл оқиға кинологиялық қызметтің полиция жұмысындағы маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Әрбір сәтті іздеудің артында кинологтардың кәсібилігі, тыңғылықты дайындық пен қызметтік иттердің ерекше қабілеті тұр.
Оқи отырыңыз: Сапалы әрі қауіпсіз етті қалай таңдау керек - мамандардың кеңесі