Астанадағы жазатайым оқиға: Қақпа құлап, ауыр жарақат алған баланың жағдайы белгілі болды

12.08.2026 19:03

Полиция бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғады

Астанада 9 жастағы баланың үстіне футбол қақпасының құлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция тергеу шараларын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ал бас-ми жарақатын алған жеткіншек жансақтау бөлімінен нейрохирургия бөліміне ауыстырылыпты. Дәрігерлер оның жағдайы жақсарғанын жеткізді. 

Екі күн бұрын футбол жаттығуына барған 9 жастағы баланың үстіне қақпа құлап, жеткіншек конструкцияның астында қалып қойған. Жарақаты ауыр болғандықтан, бала жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер оның бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегінің бірнеше сүйегі сынғанын жеткізді. 

«Алғашқы тәулікте бала жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Жағдайы біраз тұрақталып, жақсаруына байланысты әрі қарай нейрохирургия бөліміне ауыстырылып, ем қабылдап жатыр», – деді № 2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары Динат Қожекенов.

Оқиға Қазақстан футбол федерациясына тиесілі футбол алаңында болған. Федерацияның мәліметінше, сол күні нысан жаттығу жиынын өткізу үшін жеке мектепке жалға берілген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, нысан мен ондағы құрал-жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан футбол федерациясы оқиғаға байланысты дереу жан-жақты тексеру жұмысын бастады. Федерация өз тарапынан заң талаптары мен ішкі талаптарға сәйкес тексеруді жалғастырады. Сонымен қатар Қазақстан Футбол федерациясы тиісті мемлекеттік органдармен толыққанды ынтымақтастық орнатып, тергеу барысында қажетті ақпаратты ұсынуда. Оқиғаға байланысты зардап шеккен бала мен оның отбасына қолдауымызды білдіреміз. Баланың тезірек сауығып кетуін тілейміз», – деді Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн.

Ал полиция бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғады.

«Тоғыз жастағы баланың үстіне футбол қақпасының құлауы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Анықталғандай, жаттығу кезінде бала футбол қақпасына асылған, салдарынан конструкция оның үстіне құлаған. Қазіргі таңда тергеу шаралары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деді Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Астанада мұндай жазатайым оқиға алғаш рет болып отырған жоқ. Осыдан бір жыл бұрын ойын алаңында жүрген 6 жастағы қыздың басына да ауыр темір қақпа құлап кеткен.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Анасын пышақтап, шетелге қашқан қазақстандық Вьетнамнан экстрадицияланды

Толық көрсету