аптасына екі рет, сейсенбі және бейсенбі күндері қатынайды
Астанада Қытайдың Гуанчжоу қаласына тікелей ұшуға болады. Жаңа бағыт 2025 жылғы наурыздан бері аптасына бес рет ұшатын Алматы-Гуанчжоу рейстерін толықтырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының орталығы саналатын Гуанчжоу – елдің ең ірі қалаларының бірі әрі маңызды өнеркәсіптік, сауда және көлік орталығы.
Астана-Гуанчжоу рейстері аптасына екі рет, сейсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Ұшақ Астанадан сағат 18:45-те ұшып шығып, Гуанчжоуға жергілікті уақыт бойынша 04:30-да қонады. Ұшу ұзақтығы – 6 сағат 45 минут.
«Гуанчжоу бағытының ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе байланысын ұзақ мерзімді дамуын көздейді. Бұл бағыттың негізі 2002 жылғы желтоқсанда Алматы мен Бейжің арасында орындалған алғашқы рейспен қаланған болатын. 2026 жылғы жазғы маусымда Қытай бағыттарының басым бөлігінде, соның ішінде Алматыдан Үрімшіге, Гуанчжоуға, Шанхайға, Саньяға және Ининге, сондай-ақ Астанадан Бейжің мен Үрімшіге рейстер жиілігі арттырылады. Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны аптасына 51-ге жетіп, әуе компаниясы тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетеді», – делінген әуе компаниясының хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Ауа райының тосынсыйы: синоптиктер маусым айына болжам жасады