Ашық аспан астындағы асқақ рух: алматылықтар Мемлекеттік рәміздер күнін қалай қарсы алды

05.06.2026 16:32

Рәміздер ұлықталған кеш заманауи форматта өтті

Көктөбенің баурайында көк байрақ асқақтап, ән мен күй әуелеп, мыңдаған көрермен Мемлекеттік рәміздер күнін ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Ашық аспан астында өткен концерт елдік пен еркіндіктің, ұлттық рух пен бірліктің мерекесін айқындады. Қала қонақтары мен тұрғындары эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалап, патриоттық әндерді бірге шырқады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған ашық аспан астындағы концертке мыңдаған адам жиналып, бір ауыздан елдік рухты ұлықтаған әндерге қосылып, ауқымы кең, мәні ерекше кештің куәсі болды. Кеш шымылдығы Әнұранмен басталды.

«Рәміздер күнімен халықты құттықтаймын! Аспанымыз ашық, дұшпанымыз жоқ болсын. Бейбіт өмір сүрейік», – деді қала қонағы Орынхан Нұрымханова.

«Тараз қаласынан келгем, балаларыммен, немеремізді ойнатып жүрміз. Бүгінгі рәміздер күнімен Қазақстан елін құттықтаймыз. Тыныштық болсын!» – деді қала қонағы Қалижан Шоңғарбай.

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқаласын. Балалар өсе берсін, ешқандай қасірет, жамандық көрмесін. Тек қана қуанышта әр атқан таңды қарсы алуға нәсіп етсін, өмірің ұзақ, ризық несібе мол болсын. Ел тыныштығын берсін» – деді қала тұрғыны Үрімхан Базарбаева.

Рәміздер ұлықталған кеш заманауи форматта өтті. Сахнада отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, ұлттық рухты дәріптейтін композициялар орындалды. Көрермен ықыласына бөленген әншілер қатарында Айдар Тұрғанбек, Әбдіжаппар Әлқожа, Тұрар, Ақботанұр Сейтмағамбет, Баянсұлу, Диная, Ернар Жұматаев, «КешYOU», «Алашұлы», «Абырой» топтары болды.

«Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерде 52 іс-шара ұйымдастырылды. Түрлі шаралар, флешмобтар кездесулер, дөңгелек үстелдер, көрмелер өтті. Көктөбе саябағында эстраданың жарық жұлдыздарының қатысуымен үлкен мерекелік кеш өтіп жатыр. Мақсаты да міндеті де – мемлекеттік мереке, Рәміздер күнін насихаттау», – деді Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.

 Көк байрақ, Елтаңба мен Әнұран – ел егемендігін айқындайтын басты белгілер. Сондықтан Алматыда өткен мерекелік концерт ән мен өнердің ғана емес, ел рухын ұлықтаған тағылымды кешке айналды.

Гүлмарал Изатқызы, Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Димаштың чехиялық жанкүйерлері қайырымдылық қорын ұйымдастырды