Дәстүрді ұлықтаған қазыналы қарттардың қолдан жасаған бұйымдары көрмеге қойылды
Алматыда қарттар күніне арналған іс-шаралар легі әлі жалғасып жатыр. Соның бірі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ғимаратында өтті. «Асыл қазынам» деп аталатын фестиваль 700-ге жуық қарияның басын біріктірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бағдарлама аясында 300-ден аса зейнеткер өнер көрсетіп, әннен шашу шашты. Іс-шараның бел ортасына келгенде қарттар жұп-жұп болып вальс билеп, келген көпшіліктің көңілін көтерді.
"Түрлі жаттығуға қатысамыз. Заманның ағымына байланысты смартфон үйренеміз, шахмат ойнаймыз. Концертте Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйіне «Аса таяқ» биін билейміз", – деді зейнеткер Райля Шахабайқызы.
Ал төл өнерді насихаттап, дәстүрді ұлықтаған қазыналы қарттардың қолдан жасаған бұйымдары көрмеге қойылды. Жұртшылық олардың пейзаж, натюрморт, абстракция жанрында салған суреттерін де тамашалады. Қызыққа толы іс-шара мұнымен аяқталмайды. Қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бастамасымен қарттар күнін ай соңына дейін тойлау жоспарланған. Қорытынды кеш «Менің жылдарым – менің байлығым» атауымен 30 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткізіледі.
"Бесби ансамбль жұмыс істеп келеді. Біздің модельдеріміз шет елді аралап, ұлттық киімдерді көрсетіп жүр. Екі театр бар. Жас ұрпақ бізге қарап бой түзейі", – деді қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Сәуле Бекетаева.
Оқи отырыңыз: Атырауда оқушы смартфонға тәуелділікті азайтатын құрылғы ойлап тапты