«Ата Заң – бизнестің белін бекем буып, құқығын қорғайтын қалқан. Өйткені, жаңа Конституция отандық кәсіпкерлікті ілгерілетіп, инвестициялық ахуалға тың серпін береді». Елдегі іскер азаматтар осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ел экономикасының негізгі драйвері – кәсіпкерлік екені белгілі. Ал жаңа Конституция өз ісін дөңгелетіп, мемлекеттің қазынасын толтырып отырған бизнес өкілдерінің еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Өндіріс саласында тәжірибесі мол іскерлердің сөзінше, Ата Заңда жекеменшікке қол сұқпаушылық қағидаты бұрынғыдан нақтырақ бекітілген. Бұл норма кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін басты кепілдердің бірі саналады. Өйткені, мемлекет бизнеске оңды-солды араласпайды. Бұл олардың құқығы тайға таңба басқандай заңмен қорғалғанын білдіреді. Ал «Заң мен тәртіп» бар жерде сенім ұялайды. Сарапшылардың айтуынша, сондықтан Қазақстан шетелдің қалталы азаматтары үшін тартымды болып тұр.
«Инвесторлар тек экономикасы тұрақты, заңдары жұмыс істейтін мемлекеттерді ғана таңдайды. Ал Қазақстанның жері кең байтақ, байлығы мол, әрі жаңа Конституциясы кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің еркін тыныстауына, ісін дамытып, инвестиция тартуға мол мүмкіндік береді. Ал қалталы азаматтар елдегі ауқымды жобалардың жылдам жүзеге асып, өндірістік қуатты арттыруға ықпал етеді», – деді «АКҚЗ» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Шухрад Шардинов.
Ата Заң инвесторлардың құқығын халықаралық стандарттарға сай қорғайды, әрі шетелдік және отандық кәсіпкерлерге тең жағдай жасайды. Бұдан бөлек, сот тәуелсіздігі мен заң үстемдігі де күшейтілген. Бизнес өкілдерінің айтуынша, бұл шетелдің қалталы азаматтары даулы жағдайға тап болса, тәуелсіз сотта мәселені әділ шешуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар қазір елде өндіріс орындары мен зауыт-фабрикаларын көбейту де мықтап қолға алынған. Өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өзімізді шикізатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
«Қазақ халқында жақсы сөз бар «әрекет бар жерде - берекет бар» деген. Біздің Президентіміздің алға қойған жоспары – зауыт-фабрикаларды көптеп ашу. Солардан көп салық түседі. Жастарымызға жұмыс болады. Сосын халықтың да тұрмыс-тіршілігі жақсарады. Қазір инвесторларға барлық мемлекеттер талпынып отыр. Бұл инвестиция салатын адамдарға жеңілдіктер керек», – деді металл бұйымдар зауытының бас директоры Долқұнтай Абдухалил
Сондай-ақ елде Мемлекет басшысының бастамасымен цифрлық технологияны барлық салаға енгізу мықтап қолға алынғаны белгілі. Бұл ретте сарапшылар жасанды жады Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытуда маңызды рөл атқарады дейді. Мәселен, жасанды интеллект бизнес процесстерді автоматтандырады, уақытты азайтады. Қара күшті қысқартып, шығынды төмендетеді. Сонымен қатар деректерді талдау арқылы кәсіпкерлерге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Қорыта айтқанда, бизнесті заманауи әрі бәсекеге қабілетті етеді.
«Жүз адам жасайтын жұмысты жасанды интеллект он адам жасай алатындай бітіре алады. Жер байлығымыз бар дейміз. Дамыған мемлекеттерде жасанды интеллектілерді пайдаланады. Біз мысалы 1 гектар жерден 5 тонна өнім алатын болсақ, ЖИ арқылы олар 10-15 тонна алады. Басқа салаларда да қолайлы», – деді металл бұйымдар зауытының бас директоры Долқұнтай Абдухалил.
Бизнес өкілдерінің пікірінше, жалпы аталған механизмдер экономиканы әртараптандырып, еңбек нарығын кеңейтеді. Ал инвестициялар өндірістік қуатты арттырып, қаржылай кіріс алып келеді. Сондай-ақ адам капиталын нығайтып, кәсіби біліктілікті заман талабына сай етеді. Бұл экономиканың ұзақ мерзімді әлеуетін қамтуға мүмкіндік береді.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Конституцияда адам құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде айқындалған