Атом саласына маман даярлау: Қазақстанда жастарға қандай мүмкіндік ұсынылып отыр

17.09.2026 16:30

Кадр даярлау жүйесінде халықаралық тәжірибеге де мән берілмек

Depositphotos.com

Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2000 жылдан бері ядролық және атом энергетикасы саласында 4,5 мыңнан астам маман даярланды. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігі Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейітов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, салаға инженерлер, физиктер, энергетиктер, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары, ғалымдар мен құрылысшылар қажет.

«Қазір тиісті мамандар еліміздің бірқатар жоғары оқу орнында даярланып жатыр. Сонымен қатар Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталығы студенттер мен жас мамандардың практикалық тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Бұл базаларда ядролық және радиациялық қауіпсіздік, реакторлық технологиялар, бұзбай бақылау және радиациялық мониторинг бағыттарында зерттеу жобалары мен тағылымдамалар ұйымдастырылады», - деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, кадр даярлау жүйесінде халықаралық тәжірибеге де мән берілмек. 2026 жылдан бастап атом саласының қызметкерлеріне арналған «Болашақ» бағдарламасының жеке санаты енгізіліп, жыл сайын 20 стипендия қарастырылған. Олар магистратура, докторантура және кәсіби тағылымдамаларға бағытталады.

Бұдан бөлек, 2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша жалпы 635 стипендия және отандық ғалымдарға арналған «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша 250 орын бөлінген.

«Атом саласына кадр даярлау жөніндегі кешенді жоспар аясында кәсіби стандарттарды жаңарту, білім беру бағдарламаларын саланың қажеттіліктері мен МАГАТЭ ұсынымдарына бейімдеу, шетелдік университеттермен қос дипломды бағдарламаларды дамыту және жастарға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту көзделіп отыр. Басты мақсат – мамандар санын көбейту ғана емес, білім, ғылым, өндірістік тәжірибе және халықаралық даярлықты біріктіретін ұзақ мерзімді кадрлық жүйе қалыптастыру», - деді Данияр Жансейітов.

Еске сала кетейік, биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында жұмыс істейтін Мәскеу инженерлік-физикалық институты (МИФИ) Ұлттық зерттеу ядролық университеті атом саласының алғашқы мамандарын даярлап шығарды.

Оқи отырыңыз: Алматыда Төле би және Қазыбек би көшелерінің кей бөлігі уақытша жабылады

Толық көрсету