Атырау маңындағы жарықсыз ауылда ұрлық көбейді

05.11.2026 21:29

Ұрылардан зардап шеккендердің бірі – Аманбек Ізбасов

Атырау іргесіндегі Қайнар ықшамауданы құрылғалы бері жарықсыз отыр. Бүгінде ауылда ұрлық көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайнар ықшамауданы 2024 жылы бой көтеріп, тұрғындарға жер телімі тегін берілген. Алайда инфрақұрылым мүлдем жүргізілмеген. Салдарынан қараңғы ауылда қылмыс көбейіп отыр. Ұрылардан зардап шеккендердің бірі – Аманбек Ізбасов. Ол үйінің әр кірпішін өз қолымен қалап, баспанасын көтеру үшін құрылысқа қажетті құрал-жабдықты жалға алған екен. Әккі ұрылар сол техникаларды қолды қылған. Тұрғын полицияға шағымданғанымен, іс «айғақ жоқ» деген желеумен тоқтап қалған.

«Аулаға бейнебақылау орнатып едім, келесі күні оған да қарамай, сымдарын ағытып әкетті. Камера арқылы байқап, тоқтатпақ болып барғанымызда, жол-көлік оқиғасы орын алды. Ал полиция бөліміне барсам, мемлекет қаржысына салынған нысанға біз шағымдана алмайтынымызды айтты», – деді «Қайнар» ықшамауданының тұрғыны Аманбек Ізбасов.

Бұл Қайнарда болған алғашқы жайт емес. Осыдан бірер ай бұрын ұрылар шағынауданда орнатылған трансформаторларды да ұрлап кеткен. Қазір ұрланған инфрақұрылым желілері қалалық құрылыс бөлімінің қарамағында екен. Енді Атырау әкімдігі ықшамауданның құжаттарын мемлекеттік балансқа өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Нысандарды қабылдап-өткізу – бірден шешіле салатын мәселе емес, оның өз заңдылықтары мен құжаттамалық рәсімдері бар. Инфрақұрылымды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансына береміз. Олар  «Атырау-Жарық» секілді тиісті мекемелерге тапсырады», – деді құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Рашид Қуанышев.

Осылайша әкімдік өкілдері «қыс мезгіліне дейін барлық мәселе шешіледі» деп, тұрғындарды сабырға шақырды.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Наурызбай ауданын аралап, тұрғындардың шағымын тыңдады

Толық көрсету