Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жауапты мекемелер бүлінген аумақты қалпына келтіріп жатыр
Атырау облысында дауыл соғып, бірнеше ғимарат бүлінді. Қатты жел Индербор кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың шатырын жұлып әкетті. Бірнеше аудандағы елдімекенде электр желісі зақымданып, жарық өшкен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеше Индер ауданында 1 айлық мөлшердегі жауын жауып, қатты жел аудан орталығындағы бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Электр бағаналары құлады. Ал нысан маңында тұрған 3 көліктің сау-тамтығы қалмаған. Десе де, апаттан зардап шеккендер жоқ. Дауыл кезінде аудан тұрғыны Гүлзада Қазмұқашеваның үйінің шатыры ұшып кетіпті.
«Бір мезгілде алып күш келгендей болды. Түсінбей қалдық. Бір мезгілде Ақжайықтың шатыры келіп, тереземе соқты. Сәлден кейін балам төбеден су аққанын айтты», – деді Индер ауданының тұрғыны Гүлзада Қазмұқашева.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жауапты мекемелер бүлінген аумақты қалпына келтіріп жатыр. Ал арнайы құрылған комиссия шығын көлемін есептеуде.
«Қатты жел мен жауынның салдарынан ағаштың сынып, көліктің ішінде адам қалып қойғаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Хабарлама бойынша Атырау қаласындағы құтқару жасағының қызметкерлері барып, ағашты бензопиламен кесіп, ішіндегі адамды шығарды. Ол жерде жарақат алған немесе басқа жағдай тіркелген жоқ», – деді Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Жантөре Демешов.
Атырау қаласында да дауыл соғып, бір көліктің үстіне ағаш құлап кеткен. Ал көшелерге жиналған суды сору үшін 10 вакуум техникасы жұмыс істеп жатыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Шығынды өтесін: Астанада үстіне қақпа құлаған қыздың анасы кінәлілердің жауапқа тарылуын талап етіп отыр