Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Атырау облысының Құрманғазы ауданында 2 көлік соқтығысты. Жол-көлік оқиғасынан 4 адам мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Жол-көлік оқиғасы кеше 15 шілдеде болған.
"Күндізгі сағат 12:30 шамасында Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жолдың 814-шақырымы тұсында Toyota Ipsum және EXEED автокөлігі соқтығысты. Жол апатының салдарынан оқиға орнында 4 адам қаза тапты. Оның арасында көліктің жүргізушілері бар. Ал, 2-еуі — EXEED көлігінде болған жолаушылар", — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, бұл ауданның аумағында 15 шілдеде сағат 22:15 шамасында тағы да жол-көлік оқиғасы тіркелді. Аталған бағыттағы жолдың 856-шақырымында Toyota Crown және GAV GA8 автокөліктері сиырға соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасына қатысты тергеп-тексеру амалдары басталды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның 6 компаниясы Иорданияға қой мен сиыр етін экспорттайды