Полиция қанды қылмысқа қатысы бар күдіктілерді қамауға алды
Атырауда 23 жасар фельдшерді атып кетті. Ауыр жарақат салдарынан медицина қызметкері оқиға орнында жан тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қанды оқиға қала сыртындағы Химиктер кентінде кеше түнде болған. Топтасқан атпалдай азаматтар сөзге келісе алмай, төбелес шығарған. Артынан достары Азамат Асылбекұлын көмекке шақырыпты. Әріптестері ол келген сәтте жағдай одан әрі ушығып, төбелескендердің бірі оған тапаншамен оқ атқанын айтты. Алған жарақаттарынан марқұм сол жерде көз жұмған. Қызметтестері «кәсібіне адал азаматтың адамдығы мен азаматтығы бір төбе еді» деп еске алды.
«Азамат жақсы маман еді. Осы күнге дейін атына шағым түспеген. Тілтабысқыш, бірегей мамандардың бірі еді. Науқастардан үнемі алғыс алып, ешқандай клиникалық қателік жібермейтін. Өкінішке қарай, кешегі қайғылы жағдайда айрылып қалдық», – деді марқұмның әріптесі Анар Әубәкір.
Ал полиция қанды қылмысқа қатысы бар күдіктілерді қамауға алған. Қазір «адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
«Аталған дерек бойынша күдіктілер ұсталып қамауға алынды. Адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды», – деді Атырау облыстық Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Дина Максотова.
23 жастағы азамат 3 жылдан бері жедел жәрдем стансасында фельдшер болып жұмыс істеген. Ол сәуірде ғана отбасын құрған. Әріптестері Азамат Асылбекұлын соңғы рет еңбек демалысына шығарып салғанда көрген. Марқұмның денесі ертең жер қойнына тапсырылады.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: ШҚО-да заңсыз алтын өндіргендер ұсталды