Атырауда 300 орындық олимпиадалық резервті даярлау орталығы ашылады

03.08.2026 14:44

Қауіпсіздік талаптары тексеріліп, мердігер мекеме анықталған ақауларды қалыпқа келтіріп жатыр

Атырауда спорт саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, жақында 300 орындық олимпиадалық резервті даярлау орталығы пайдалануға берілмек. Жаңа нысанда спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Қауіпсіздік талаптары да қатаң бақылауда. Қазір ғимаратта соңғы  жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Жаңадан бой көтерген Олимпиадалық резервті даярлау орталығында кроссфит, дзюдо, таэквондо, еркін күрес және бокс спорты бойынша жаттығу залдары бар. Қазір нысанда соңғы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдік өкілдері жаңа кешенді спорт күні қарсаңында пайдалануға бермек.

«Алты спорт түрімен қамтуды жоспарлап отырмыз. Мұның ішінде жастар, жасөспірімдер, ересектер, ұлттық құрама облыс құрамасының балалары дайындалатын болады. Залдар заманауи талаптарға сай құрылыс спорт залы болады. Үш жүз бала – бәрі облыс құрамасының жоғары жетістікке жетіп жүрген спортшылары, шеберлігін шыңдайды», - Атырау облысы Дене шынықтыру спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Аманжол Сағынғалиев.

Орталықтың құрылысы былтыр мамырда басталған. Ғимараттың жалпы аумағы – 1800 шаршы метр. Спорт кешені заманауи талаптарға сай салынып, спорттық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда жаттығу залдары, киім ауыстыру бөлмелері, жуыну орындары, жаттықтырушылар кабинеті және қосалқы техникалық бөлмелер бар.

«Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жобадан тыс дизайн жұмыстары атқарылуда. Барлық құжаттар рәсімделуде. Жоба толыққанды атқарылды. Келісімшартқа сәйкес барлық жаңа кепілдік мерзім ішінде анықталған кемшіліктермен ақаулықтар келтірілетін болады», – деді мердігер мекеме өкілі Жәнібек Дәулетов.

Қауіпсіздік талаптары тексеріліп, мердігер мекеме анықталған ақауларды қалыпқа келтіріп жатыр.

Айта кетейік, келер жылы аймақта Атырау- Арена спорт кешені, 12 мың орындық стадион және спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп интернат пайдалануға беріледі.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан.