Атырауда Балық шаруашылығы саласында кадр тапшы
Мамандыққа бар болғаны 10 мемлекеттік грант бөлінеді
Атырауда Балық шаруашылығы саласында кадр тапшы. Әсіресе ихтиологтар жетіспейді. Басым бөлігі ауылды жерге барып жұмыс істеуге құлықсыз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 4-курс студенті Ару Артур ихтиолог мамандығы бойынша білім алып жатыр. Айтуынша, бүгінде аталған салада проблема көп. Балық шаруашылығына қажетті қондырғылар мен техникалардың тозығы шыққан. Әрі жалақы мәселесі де болашақ мамандық иесін алаңдатып отыр.
«Техникаларды жаңартқанды қалаймын. Қазіргі кезде көптеген техника жетіспеушілігінен су мамандары дамымай жатыр. Практика барысында көптеген жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балықтар азайып бара жатыр. Соларды дамытып таза бассейндерге ауыстырып, мән беріп, қарау керек деп ойлаймын», – деді студент Ару Артур.
Жайық-Каспий бассейіндегі балық қорын сақтау мен су экожүйесін зерттеу үшін білікті ихтиолог мамандар қажет. Бірақ облыста бұл бағытта кадр даярлау жолға қойылғанымен оған қызығатындар аз. Былтыр балық шаруашылығы және ихтиология бағдарламасына 13 студент қабылданса, биыл бұл көрсеткіш 10-ға түсіпті. Ал мамандыққа бар болғаны 10 мемлекеттік грант бөлінеді. Жауаптылардың айтуынша, жастардың көбі заңгер, IT және өзге де техникалық бағытқа қызығады. Сондықтан ихтиолог мамандығы бәсекеден шет қалып бара жатыр.
«Атырау өңірі Жайық- Каспий теңізімен шекаралас. Балық ресурстарына өте бай өңірлердің бірі. Сондықтан ихтиолог мамандар ауадай қажет. Жастардың қызығушылығы медицина, заң саласына, компьютер мен , IT саласына ауған. Сол себепті ихтиология мамандығы оның көлеңкесінде қалып қойған шығар», – деді Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы Ақбөбек Ғарифуллина.
Бүгінде өңірдегі балық өсіру мен оны аулау саласында теориялық және практикалық білікті 100 маман қажет. Сондықтан бұл мәселесі шешілмей, балық шаруашылығын өркендету мүмкін емес.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет: басты назар жұмысшы мамандықтарына аударылады