Шенеуніктер «аз бала үшін үлкен нысанды ұстау - жұмысқа қолбайлау» деп отыр
Атырауда бір ғимаратқа бірнеше оқу ордасы таласып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2022 жылы күрделі жөндеуге жабылған нысанда бұған дейін туберкулезбен ауыратын балалар оқыған. Кейін ғимараттағы жөндеуге байланысты оқушылар өзге бөбекжайларға ауыстырылыпты. Ал күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, шенеуніктер мектеп-интернатты ғимараты жоқ өзге оқу ордасына өткізіпті. Мұны естіген нысанның о бастағы тұрғындары енді наразылық білдіріп отыр.
«Екі –үш күн бұрын № 45 мектептің өкілдері келіп, мекемені алатынын айтып кетті. Біз 8 балабақшада оқып жатырмыз. Бұл жердің де иесі бар. Біз қайда барамыз? Мекеме беріле ме, жоқ па?» – деді «Санаториялық мектеп-интернаты» КММ кадр жөніндегі инспекторы Айгүл Дүйсенғалиева
«Біздің мектептің баласына сәйкес келмейді. Ол – кішкентай жер, 4-6 жастағы бүлдіршін мен 15 жастағы баланы салыстыра алмаймыз. Санитарлық талапқа сай болмаса да, осында балаларды қалдырдық. Ата-анасының жағдайы жоқ», – деді «Санаториялық мектеп-интернаты» КММ директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Қасанғалиева.
Мекеме қызметкерлерінен бөлек, бұл жағдайға ата-аналар да алаңдаушылық танытып отыр. Олар нысан жабылса, балаларымызды қайда апарамыз деп азар да безер.
«Мектепті жаппаңыздар, баламызды тастар жер болмағандықтан мектепке, интернатқа тапсырамыз. Бұл жер жабылса, баратын жерім болмай қалады. Жәй мектепке қоспайды. Ауру жұқтарады деп бәрі қорқады», – деді ата-ана Айкөркем Амангелдиева.
Бұған дейін аталған мекемеде бас-аяғы 35 оқушы білім алып келген. Ал ғимарат 240 орынға шақталған. Шенеуніктер «аз бала үшін үлкен нысанды ұстау - жұмысқа қолбайлау» деп отыр. Әрі экономикалық жағынан тиімсіз.
«Облыстық білім беру басқармасы өзге ғимараты жоқ мектептерге беру мәселесін қарастыруда. Қазіргі уақытта ол толықтай пысықталады. Ал жұмыстан қудалау деген жоқ, өзге жаққа орналастыру жағын қарап жатырмыз», – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Мектеп-интернаттың ендігі болашағы атқамінерлердің қолында. Ал түйткілдің түйіні жаңа оқу жылына дейін тарқайды.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Өгей балаларын 5 жыл бойы ұрып, қорлық көрсеткен күдікті қамаққа алынды