Атырауда инфекциялық аурухана қызметкерлері үстемақы талап етіп жатыр

Денсаулық сақтау басқармасы төлемдердің қаңтар айынан бастап қайта есептелетінін мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда облыстық инфекциялық аурухананың зертхана және рентген бөлімінің қызметкерлері үш айдан бері тиісті үстемақыларын ала алмай жүргендерін айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандардың сөзінше, қаңтар айынан бастап өзге әріптестерінің жалақысына арнайы еңбек жағдайы үшін қосымша ақы қосылған, бірақ зертханашылар бұл тізімге енбей қалған. Күн сайын түрлі жұқпалы дерттермен, соның ішінде қызылша және жедел респираторлық инфекциялармен тікелей байланыста болатын ақ халаттылар өз еңбектерінің еленбей жатқанына қапалы.

«Биыл Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысына сәйкес жедел жәрдем және инфекциялық қызмет мамандарына үстемақы шығарылды. Біз осы №1193 бұйрыққа зертхана қызметкерлерінің де енгізілуін талап етеміз. Қазіргі таңда бізге ешқандай үстемақы төленіп жатқан жоқ. Күнделікті әр бөлімшеге кіріп, науқастардан қан алып, тікелей қатерлі аймақта жұмыс істеп отырмыз», – деді Облыстық инфекциялық ауруханасының клиникалық зертхана лаборанты Райгүл Үргешова.

Зертханашылар барлық биологиялық материалдармен қолмен жұмыс істейтіндерін және инфекция қоздырғыштарын анықтау кезінде денсаулықтарын қатерге тігетіндерін алға тартты.

«Инфекционистер қараған барлық науқастардың биологиялық материалдары бізге келеді. Біз оның ішіндегі қоздырғыштарды аппаратсыз, қолмен тексереміз. Бір анализді үш-төрт күн зерттейміз. Сондықтан бізді де инфекциямен тығыз байланыстағы мамандар ретінде базалық бұйрыққа енгізу қажет», – деді бактериялық зертхана лаборанты Нұрия Досқалиева.

Аурухана басшылығы бұл мәселеден хабардар екенін және құзырлы органдарға ресми хат жолданғанын жеткізді.

«Клиникалық, бактериологиялық зертхана және консультативтік-диагностикалық бөлім қызметкерлерінің профильге кірмей қалу мәселесі бар. Бұл жағдай құзырлы органдарға жеткізілді, қазір шешімін күтіп отырмыз», – деді Облыстық инфекциялық аурухана директоры Нұрбек Үкібаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәлімдеуінше, мәселе жақын арада тарифтердің көтерілуімен шешілмек.

«Қазіргі таңда тарифтің көтерілуін күтіп отырмыз, тиісті құжаттарға қол қойылды. Тариф бекітілгеннен кейін барлық қызметкерлер қаңтар айынан бергі тиісті үстемақыларын қайта есептеу (перерасчет) арқылы толық ала алады», – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбанов.

Айта кетейік, аталған ауруханада 300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, оның 115-і қазірдің өзінде үстемақы алып отыр. Қалған мамандар үшін төлем мәселесі алдағы уақытта реттелмек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы

Новости партнеров