Атырауда ит қауып, ауруханаға түскендер саны көбейді

23.05.2025 21:43

Биыл бұралқы иттерді аулау және жою жұмыстарына облыстық бюджеттен 129 млн теңге бөлінген

Атырауда адам емес, ит шабуылдап жатыр. Шаһарда бұралқы ит қаптап, тұрғындар үйден шығуға қорқып қалған. Балалардан бөлек, ересектерге де шапқан төртаяқтылардан зардап шеккендер соңғы екі жылда күрт көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала тұрғыны Динара Орынтаева аула айналасында қаптаған төрт аяқтылардан қауіп көп екенін айтты. Соның салдарынан тіпті бала-шағасын далаға шығарудан қалған. Оның айтуынша, шұбырған иттер бала түгіл ересектерге де шабуыл жасайтын көрінеді.

«Егіп қойған гүлдерді таптайды, қоқыстарды шашады. Балаларға қауіпті, олар бір-бірімен төбелескен кезде ересектерге де шабуыл жасайды. Біз балаларымызды ойнауға жібере алмаймыз. Баланы далаға шығарсақ, бірге шығамыз.  Сағат 5:00-де қоқыстарды жинаймын», – деді қала тұрғыны Динара Орынтаева.

Биыл бұралқы иттерді аулау және жою жұмыстарына облыстық бюджеттен 129 млн теңге бөлінген. Мамандар биозалалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп әлек. Конкурс арқылы жеңген 2 мекеме ит ату, аулау мен жояды бастады.

«9 100 бас қаңғыбас жануарларды аулап, жою және 770 бас қаңғыбас жануарларды биозарарсыздандыру жұмыстары жоспарлануда. Басқармамен биылғы жылға өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде 2 мердігер мекеме жеңімпаз ретінде анықталды, жұмыстар жалғасуда», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Асланбек Шәріпов

Ветеринарлар жыл басынан бері облыс орталығында 3000-мыңға жуық итті ауланғанын айтты. Қалада ит қауып, ауруханаға түскендер саны көбейіп кеткен. Алайда тұрғындар жұмыс баяу жүріп жатқанын алға тартады. Бұған иесіз иттердің қоғамдық және қала көшелерінде қаптап кеткені дәлел.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік ережесін қатаң сақтаңыз: 4 жылда мыңға жуық адам судан көз жұмған