Табиғи апат салдарынан бірқатар тұрғын үйдің қасбеті зақымдалған
Атырауда 14 желтоқсанға қараған түні басталған қатты жел қала тұрғындарына айтарлықтай қауіп төндірді. Табиғи апат салдарынан бірқатар тұрғын үйдің қасбеті зақымдалып, шатырлары ұшып кеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Atyrau Today жазғандай, куәгерлердің айтуынша, Болашақ шағынауданында жел көпқабатты үйлердің қаптамасын түсіріп, олардың бөлшектері аула мен жолға шашылып қалған. Бұл жаяу жүргіншілер мен көліктер үшін қауіпті жағдай туғызған.
Ал Алмагүл шағынауданында жел екпіні тұрғын үйлердің бірінің шатырын ұшырып, ол жақын маңда тұрған автокөліктің үстіне құлаған. Зардап шеккендер бар-жоғы әзірге нақтыланып жатыр.
Қала тұрғындары қолайсыз ауа райы кезінде жеңіл қоршаулар мен дұрыс бекітілмеген құрылымдардың көшелерде шашылып қалғанын айтады. Кей аумақта қозғалыс қауіпті болған.
Оқиға орындарына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары барды. Құтқарушылар зақымданған нысандарды тексеріп, келген шығынды бағалауда. Қолайсыз ауа райы сақталғандықтан, жұмыстар жалғасып жатыр.
Мамандар тұрғындарды барынша сақ болуға, қажетсіз сыртқа шықпауға және көліктерді ғимараттар мен жарнамалық құрылымдардың маңына қоймауға шақырды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал қандай – министр жауабы