Қалада балалардың ойын-сауық құралдарын жалға беруге рұқсат етілген арнайы бес аумақ бар
Атырауда ойын-сауық құрылғыларын заңсыз жалға беретіндер анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тәртіп сақшылары мен әкімдік өкілдері халық көп шоғырланатын орындарды аралап, заңсыз кәсіппен айналысып жүрген азаматтарға ескерту жасады. Мысалы «Исатай-Махамбет» алаңында, облыстық және қалалық әкімдік жанындағы жағалауда, сондай-ақ демалыс орындары, саябақтар, алаңдар мен сауда нысандарының жанында заңсыз қызмет көрсетушілер жиілеген.
Атап айтқанда, тұрғындар ешқандай рұқсат құжаттарынсыз балаларға арналған батут, гидроскутер, велосипед, скейтборд, ойыншық көліктерді және басқа да ойын-сауық құралдарын жалға беріп, заңсыз саудамен айналысып жүр. Мамандардың айтуынша, бұл экономикалық заңбұзушылық қана емес, қоғамдық қауіпсіздікке де қауіп төндіреді. Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, балалардың ойын-сауық құралдарын жалға беруге рұқсат етілген арнайы бес аумақ бар. Олар – Қайырғали Смағұлов алаңы, Салтанат сарайы алаңы, Саламат Мұқашев алаңы, №24 мектеп маңындағы саябақ және Вокзал маңындағы саябақ.
«Күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де заңсыз сауда жасап, қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлер мен адамдар жергілікті атқарушы орган мен полиция қызметкерлеріне бағынбай, өз қызметін жалғастыруда. Сондай-ақ халықтың наразылығын тудырып, демалыс орындарының абаттандыру жұмыстарына кері әсерін тигізіп, бюджетке миллиондаған шығын келтірді», – деді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Шымкентте есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды