Атырауда прокурордың қалтасынан 20 мың теңге ұрлап кеткен блогер сотталды

20.10.2024 16:51

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің айғағымен және бейнежазбалармен дәлелденді

Сгенерировано ИИ

Атырау қаласының №2 сотында қорқытып алу және ұрлық жасағаны үшін айыпталған блогерге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, жергілікті блогер супермаркеттің сөрелерінен жарамдылық мерзімі өткен тауарларды тауып, кейін қызметкерге «полиция шақырып, арыз жазатынын» айтып қорқытып, 2 млн теңге талап еткен.

Полиция келген соң блогер жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сату және тауарларда мемлекеттік тілде мәліметтердің болмауы туралы арыз жазған.

Мұнымен тоқталмаған блогер өтінішті қайтарып алу үшін 39 824 теңгеге азық-түлік алған.

«Бірнеше күннен кейін блогер сот процесіне қатысқан әріптесін қолдау мақсатында Атырау қаласының №2 сотына келіп, прокурорларға арналған бөлмеге кіріп, ішінде қызметтік киім тұрған шкафты ашып, прокурорлардың бірінің қалтасынан 20 мың теңгені жасырын ұрлаған», - делінген хабарламада.

Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен өз дәлелін тапты.

«Сот үкімімен блогер ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы және 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 58-бабының негізінде 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: СҚО-да трактор мен жүк көлігі соқтығысып, бір адам қаза тапты