Атырауда уақытша ұстау изоляторындағы азаматтың өліміне қатысты тергеу басталды

31.03.2026 15:00

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр

Атырау қаласында әкімшілік қамауға алынған 55 жастағы ер адам уақытша ұстау орнында көз жұмды. Белгілі болғандай, марқұм бұған дейін ұлының арызы негізінде «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері» үшін 10 тәулікке қамалған болатын, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Бейресми мәліметтерге сәйкес, ол камера ішіндегі кереует құрылымын пайдаланып, өз-өзіне қол жұмсаған. Оқиға орнына жедел түрде медициналық және тиісті қызмет өкілдері шақырылғанымен, азаматтың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

«Өз-өзіне қол жұмсау дерегіне қатысты қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», – деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы