Атырауда үш жылдан бері мектеп құрылысы неге тоқтап тұр

Іргесі 2022 жылы қаланған мектеп 90 пайыз салынып біткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда үш жылдан бері мектеп құрылысы тоқтап тұр. Ал бүтін бір ықшам ауданның мыңнан астам оқушысы үш ауысымды мектепте қас қарайғанша оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көктем ықшамауданы ата-аналарының жаңа мектепті күте-күте төзімдері таусылған. Көпшілік құрылыс жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті деп отыр.

«Бәрінен де балаларға обал. Ит өлген жерге ұл-қыздарымызды күнде тасу нағыз азап» дейді жұрт. Тіпті оқушылардың сабаққа деген құлшынысы да жоғалған. 

«Менің үш немерем бар. Сонау Нысанбаев мектебінде оқиды. Өте қиын. Такси жалдаймыз. Таң атпай әкетеді. Кешке әкеледі. Оңай емес. Қазанда мектеп ашады деген, қараша болды ғой. Қашан ашады? Қарап қоямыз. Әкім қайда қарап отыр?» – деді қала тұрғыны Ханшайым Сәрсенова.

Ата-аналардың айтуынша, жауаптылар білім нысанын биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі деп уәде берген. Бірақ екінші тоқсан басталса да мектеп әлі күнге ашылмаған. Жиналған отызға жуық ата-ана оқу ордасының құрылысын жыл соңына дейін аяқтап беруді талап етті.

«Төрт-бес жылға сөзіліп барады, көз алдымызда күйік боп тұр. Балалар қатынап оқып жүр, сағат үште барады, сегізде келеді. Мектеп құрылысын аяқтап, балаларымыз осы үйдің қасында оқыса дейміз. Айналадағы мектептер салынып болып жатыр. Ал бұл білім ордасына бес жыл болды», – деді қала тұрғыны Сәуле Әжіғалиева.

Іргесі 2022 жылы қаланған мектеп 90 пайыз салынып біткен. Тек ішкі жұмыстары қалыпты. Шенеуніктердің айтуынша, мемлекеттік сараптама кезінде кемшілік болған соң құрылыс уақытша тоқтаған.

«Қазір жобалық сметалық құжаттамасына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Ол экспертизадан өткізілуде. Қарашаның соңында қорытындысы шығады. Содан кейін мердігерге қаржысын төлейміз», – деді Атырау облыстық Құрылыс басқармасы құрылыс бөлімінің басшысы Дархан Тілепберген.

Ата-аналардың жыл соңына дейін мектепті аяқтап берсін деген талабы бірден іске аса қоймайтын сияқты. Десе де ақ жағалылар мектепті келер оқу жылына дейін пайдалануға береміз деп сендірді.

Оқи отырыңыз: Алматыда «105» сериалының түсірілім тобы оқушылармен кездесті

Новости партнеров