Шамадан тыс көбейген зиянды жәндіктердің кесірінен жұрт далаға шығудан қалған
Атырауда шыбын-шіркей қаптап, тұрғындардың әбден мазасын алды. Шамадан тыс көбейген зиянды жәндіктердің кесірінен жұрт далаға шығудан қалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Соңғы бір аптада құжынаған шыбын-шіркейдің кесірінен далада емін-еркін жүру мүмкін емес. Зиянкестерден зәрезап болған тұрғындар бет-аузын тұмшалауға мәжбүр. Сөздерінше, биыл зиянкестер шамадан тыс қаптап кетіпті.
«Соғны күндері көбейіп кетті. Балықшы жақта тұрам, өте көп, білмеймін қалай улауға болады?» – деді тұрғын.
Шіркейге жем болған жұрттың жаппай медициналық көмекке жүгініп жатқанын дәрігерлер де растап отыр. Мамандар ұсақ жәндіктер байқаусызда құлақ пен мұрынға кірсе, қауіпті екенін айтты. Сондықтан, үнемі жақпа май мен спрейлерді пайдаланып, жабық киініп жүруге кеңес берді.
«Бүгінге таңда бытыхана мен шыбын шіркей жиі кездесуде. Күніне 10 шақты адамды қабылдаймыз. Жабық киінуді, арнайы спрей қолдануды ұсынамыз. Шаққан жағдайда қасымай, әсіресе балалар бақылап, салқын сумен жуып, дәрігерге келу керек. Ісініп кетсе, антигистомендік препараттар қолдану қажет», – деді № 2 қалалық емхананың дәрігері Назгүл Беркімбек.
Жергілікті билік өкілдері шыбын-шіркейді залалсыздандыруға ақша бөлінбейді деп отыр. Алайда тұрғындар тарапынан шағым көп түскен соң, мәселені шешуге кіріскен көрінеді.
«Бытыхананы улауға жергілікті әкімдіктен бюджет қарастырылмаған, ол масамен бірге уланбайды. Оларды улауға бөлек арнайы препараттар дәрілер қажет. Дегенмен тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштермен ұсыныстар қарастырылып арнайы мамандармен жиын өткізіліп мәселені шешу жолдары зерделенуде», – деді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижан.
Жауаптылар шыбын-шіркейдің шамадан тыс көбеюіне мамыр айында толассыз жауған жаңбыр себеп болғанын айтты. Ал дәрігерлер зиянкестерден барынша сақтанып, маман кеңесіне жүгінген жөн екенін алға тартты.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда АПВ-ға қарсы егу науқаны қалай жүріп жатыр