Атырауда жаңа жағажайда абаттандыру жұмыстары жалғасады

09.07.2026 14:56

Жаздың аптап ыстығында атыраулықтар бала-шағасымен Жайық жағасына жиі келеді

Атырауда Жайық өзенінің жағалауында жақында ашылған жағажай көпшіліктің көңілінен шықпады. Тұрғындардың айтуынша, 10 күн бұрын пайдалануға берілген демалыс орнында қолайлы жағдай толық жасалмаған. Ал қала әкімдігі жағажайды абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаздың аптап ыстығында атыраулықтар бала-шағасымен Жайық жағасына жиі келеді. Қаладағы жалғыз жағажай болғандықтан мұнда демалушылар көп. Олардың арасында Ақтау мен Ақтөбе облыстарынан келген туристер де бар. Алайда келушілер шомылатын аумақтың тар екенін, тамақтанатын орындардың жоқтығын және қоқыс мәселесінің шешілмегенін айтып шағымданды.

«Кемшілік көп. 2019 жылдан бері жағажай биыл ғана ашылып отыр. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатқан сияқты. Халыққа тарлық етеді. Аумағын кеңейтсе екен. Дүңгіршектер, сусын мен тамақ сататын орындар жоқ. Жағаның лай екені де ескерілмеген сияқты», – деді демалушы.

«Жоқтан жақсы ғой. Бірақ неше жылдан бері күткеннен кейін дұрыстап жасауға болатын еді. Қаладағы жалғыз жағажай. Демалыс күндері келудің өзі қиын. Жағдайын өзіңіз көріп тұрсыз», – деді тағы бір тұрғын.

«Мен Ақтаудан келдім. Баратын басқа жер жоқ. Адам өте көп. Демалуға арналған аумақ шағын. Оның үстіне кейбір адамдар тазалық сақтамай, қоқысын тастап кетеді», – деді Ақтаудан келген демалушы.

Әлеуметтік желі қолданушылары Атыраудағы жағажайды Павлодар қаласындағы демалыс аймағымен салыстырып, айырмашылығы айқын екенін жазуда.

Ал қала әкімдігі жағажайдың құрылысы толық аяқталмағанын айтады. Шенеуніктердің сөзінше, алдағы уақытта аумақ көгалдандырылып, қосымша инфрақұрылым нысандары орнатылады.

«Малибу» жағажайы небәрі 18 күн ішінде салынды. Осы уақыт аралығында аумақты тегістеу жұмыстары жүргізіліп, барлық қажетті инженерлік желілер тартылды, электр және сумен жабдықтау қамтамасыз етілді, жағажай аумағы абаттандырылды. Қазір мұнда екі санитарлық торап, екі тропикалық душ, көлеңкелі шатырлар, жатын орындықтар, киім ауыстыратын кабиналар, қоқыс жәшіктері, орындықтар және келушілердің жайлы демалуына қажетті өзге де жағажай жабдықтары орнатылып, пайдалануға берілді», – деді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижан.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында бес жағажай жұмыс істейді. Оның біреуі қала аумағында орналасса, қалған төртеуі Еркінқала, Қайыршақты, Алмалы және Атырау ауылдық округтерінде ашылған.

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда теңізде жоғалған жас жігітті іздеу жалғасып жатыр