Таяқ жеген екі оқушы қатты соққыдан есеңгіреп, дәрігер көмегіне жүгініпті
Атырауда жоғары сыныптың оқушылары 8-сыныптың ұлдарын тепкінің астына алып, ақша сұраған. Олар тіпті балаларды құрылысқа жегіп, мәжбүрлі түрде жұмыс істетпек болыпты. Ал көнбегендерге озбырлық танытқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндағы 8-сыныптың оқушыларын жоғары сыныптың ұлдары жұмысқа жегіп, ақша бопсалапты. Ал ырыққа көнбегендерді үлкендер әбден мазақ етіп, аяусыз соққыға жыққан. Балаларды тепкінің астына алған олар бірқатарының басы мен денесіне де зақым келтіріпті. Ата-аналарға айтпауды талап етіп, қоқан-лоқы көрсеткендері тағы бар.
«Шаруаға шақырған екен, бұл ұлдар бармаған соң ұрып-соққан. Аяусыз ұрған, баламның басынан соққан. Жұдырықпен де, таяқпен де ұрыпты. Үсті-басы қан болып келген. Ақша сұрап, “тағы біреуге айтсаңдар, тағы да осылай болады” деп қорқытқан», – деді ата-ана Тілекші Қалипа.
Таяқ жеген екі оқушы қатты соққыдан есеңгіреп, дәрігер көмегіне жүгініпті. Қазір олардың жағдайы бірқалыпты. Ал ата-аналар озбырлық танытқан жоғары сыныптың балалары қатаң жаза арқалауы тиіс деп отыр.
«Баланы таяқпен ұрған, кәдімгідей аяусыз ұрған ғой. Бұл енді жауыздық қой. Үйде бір таяқ жемейтін баламыз, далада таяқ жеп жүр. Қалай шыдап тұруға болады бұған?! Біз әділдік талап етеміз. Заңды түрде шешім қабылдансын дейміз. Өйткені бұл жағдайды жай жауып қоя салсақ, кешірім берсек — тағы да қайталануы мүмкін екенін жақсы білеміз. Сол себепті бұл жолы бәрі әділ, заң аясында шешілсін деп отырмыз»,– деді ата-ана Құралай Шамарова.
Ал мектеп басшылығы жоғары сыныптың оқушыларын ақтап отыр. Мұғалімдердің сөзінше, олар оқуда озат, бұған дейін де ешқандай оғаш қылық танытпапты.
«Бірақ енді ашығын айту керек, бұл балалар бұрын-соңды ондай тәртіпсіздік жасаған емес. Ешқандай есепте тұрған жоқ, мектептің де, басқа жердің де тізімінде болмаған. Сабақтарына келіп жүр, оқуы да жаман емес еді. Бұрын-соңды қылмыс жасап немесе тәртіп бұзды дегенді естімеппіз», – деді Еркінқала орта мектебінің директоры Болат Хисметов.
Айта кетейік, қазір аталған іспен жергілікті полиция айналысып жатыр. Оқиғаның мән-жайын тергеп-тексеріп, анықтау шаралары басталды.
«Кәмелетке толмаған күдіктілердің болуына байланысты олардың заңды өкілдерінің қатыстырылуымен жауаптар алынуда. Сондай-ақ, құқықбұзушылыққа жол берген жасөспірімдер ішкі істер органдарының есебіне алынып, оларға қатысты іс-құжаттар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданатын болады», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Қазір дәрігерлер екі баланың да өміріне қауіп төніп тұрған жоқ,- дейді. Ал қалалық білім бөліміндегілер дәл осы оқиғадан соң өңірдегі оқу ордаларына тексеріс жүргізбек.
Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы