Көпшілік қыздардың бұл әрекеті жолдағы жүргізушілерге қауіп төндіретінін айтып, дабыл қақты
Атырауда басын көліктен шығарып, бейәдеп әрекетке барған қыздар жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың бұл ерсі қылығы әлеуметтік желіге тарап кеткен. Екі бойжеткен түнгі уақытта автокөліктен терезе арқылы шығып, ойына келгенін жасаған. Көпшілік қыздардың бұл әрекеті жолдағы жүргізушілерге қауіп төндіретінін айтып дабыл қақты. Полиция мән-жайды анықтап, бұрымдыларға бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Автокөлік айып тұрағына қойылған.
«Құлманов және Тайманов көшелері қиылысында «Mazda» автокөлігінде 2005 және 2007 жылы туған азаматқа және көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Олар жолаушыларды тасымалдау қағидаларын сақтамау, қауіпсіздік белдіктері мен көлік құралын дұрыс пайдалану қағидаларын бұзу, міндетті сақтандыру шартын жасаспау, жол жүрісі талаптарын орындамау және қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу әрекеті бойынша әкімшілік жазаға тартылды», – деді Атырау қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Мирас Дәулет.
Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы: Жамбыл облысында 10 қылмыстық топ анықталды