Атыраудағы сауда үйінде болған өрттен кейін спорт мектебінің жұмысы тоқтап қалды

30.03.2026 19:30

Нысанды жалға алушы кәсіпкер шығын көлемі қомақты екенін айтты

Атырау қаласындағы екі қабатты сауда үйінде шыққан өрт салдарынан онда орналасқан спорт клубы зардап шекті, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғимараттың екінші қабатын жалға алып, 60-қа жуық баланы дзюдоға баулып келген мектептің құрал-жабдықтары түгел жанып кеткен. Тілсіз жау тұтанған сәтте жас спортшылар сыртқа шығып үлгергенімен, қымбат тұратын спорттық құрылғылар мен татамилер жарамсыз күйге түсті. Қазіргі уақытта жаттығатын орынсыз қалған ата-аналар мен жалға алушы нысан иесінен шығынды өтеуді талап етіп отыр.

«Екі балам төрт жылдан бері осы клубқа қатысады, шетелдік жарыстарда жеңімпаз атанған еді. Өрттен кейін бүкіл құрал-жабдықтар жанып кетті. Біз нысан иесінен балаларыңыздың өмірі қауіпке тігілді деп кешірім сұрауын күткен едік, бірақ ол шығынды өтеуден бас тартып отыр. Бұл заттардың барлығы ата-аналардың көмегімен алынған болатын, соларды қалпына келтіруді сұраймыз», – деді ата-ана Амангүл Қабдрахманова.

Нысанды жалға алушы кәсіпкер де шығын көлемі қомақты екенін алға тартады. Оның айтуынша, ғимарат иесі жауапкершіліктен қашып, керісінше қоқан-лоқы көрсеткен.

«Бізге шығынды өтемейміз, не істесең оны істе деді. 2022 жылдан бері осы орынды жалға алып келемін. Ата-аналар әперген татами, штанга, канат сияқты құралдардың бәрі жанып кетті», – деді нысанды жалға алушы Ерман Мағауия.

Ал төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қазіргі уақытта өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Оқиға орнында арнайы сараптама тағайындалған.

«Жалпы ғимараттың ауданы 240 шаршы метрді құрайды. Өрттің салдарынан нысанның 120 шаршы метрі, атап айтқанда, төбе жабындысы мен ішкі қаптамалары жанды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 38 қызметкері мен 11 бірлік техникасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрттің нақты себебі анықталуда», – деді қалалық ТЖБ бастығының міндетін атқарушы Сәбит Борашев.

Қазіргі таңда зардап шеккен тарап жергілікті әкімдіктен көмек сұрауға мәжбүр. Ал әкімдік өкілдері ғимарат иесі тарапынан әзірге ешқандай өтініш түспегенін айтады.

Оқи отырыңыз: Алматыны газға көшіру: газ турбиналары мен генераторлар орнатылуда