Әкімдіктің айтуынша, 3 күнде айлық нормадан 1,5 есеге артық жауын мөлшері түскен
Үш күн тоқтаусыз жауған жаңбыр салдарынан Атырау көшелерін су басты. Кесірінен жаңадан салынған жолдар бордай үгітіліп жатыр. Бірқатар үйдің төбесінен су ағып, тұрғындарды әбігерге салған. Кей көшелер тіпті көлікпен емес, қайықпен жүретін жағдайға жеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Үш күндік жаңбыр салдары атыраулықтарды әбден әбігерге салды. Қала көшелерінде көліктердің жүруі қиындады. Тұрғындардың айтуынша, жол шетінде суағар жоқ.
«Жауын жауған сайын су көтеріліп, үйге кіреді, шарбақтың іші су болады. Дренаж жоқ. Талдар өледі, мәселені ушықтырмай шешу керек қой. Әкімдік жұмыс істеу керек», – деді
Мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар ауласын да су басты. Одан бөлек, арнасын таппаған су аулаларға да жайылған. Тіпті жаңадан салынған жолдар да бордай үгітіліп жатыр.
«Әрбір үйдің шарбағында су 2 метр деңгейге дейін көтерілген. Жертөле суға толып, әркім өз ыңғайына қарай жүріп жатыр», – деді қала тұрғыны Гаухар Талғат.
Әкімдіктің айтуынша, 3 күнде айлық нормадан 1,5 есеге артық жауын мөлшері түскен. Жаңбыр суын сорғытуға қырықтан астам арнайы техника тартылған.
«Үш күн ішінде 27 мм жауын-шашын түсті. Бұл маусымдағы орташа айлық норманың 158 пайызын құрайды. Ал маусым айына белгіленген жауын-шашын мөлшері 17 мм. Нөсер жаңбырдан кейінгі су сору және тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Қазір қаладағы негізгі көшелерде, арық жүйелерінде, әлеуметтік нысандар аумақтарында және тұрғындардан «109» Бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен өтініштер бойынша жұмыстар атқарылуда», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижан.
Қалада су сору жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал синоптиктер алдағы апта да жаңбыр жауатынын айтты. Тұрғындар «жауынның салдарымен емес, арық жүйесін жүргізіп, алдын алу жұмысын істеу керек» деп отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Алматыда құрылыс саласына бақылау күшейтілді