Атыраулық белсенділер талды отап тастаған шенеуніктерге наразы

Белсенді топ ағаш адам өміріне қауіп төндірген кезде ғана кесілетінін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда шенеуніктер тал-теректерді отап тастаған. Алайда тұрғындар мен қоғам белсенділері наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орталық алаңдағы жасыл желектің оталғаны экобелсенділер мен тұрғындардың ашуын туғызды. Табиғат жанашырлары шенеуніктердің бұл әрекетіне наразы. Экологиясы нашар өңір үшін тал-терек санын керісінше көбейткен жөн деп отыр.

«Бірнеше жыл бұрын бюджеттен миллиондаған қаржы бөлініп, талдар егілді. Енді оны кесіп тастап жатыр. Онсыз да экологиясы нашар, қасіретке ұшыраған қаланың бірі ғой. Жасыратыны жоқ. Керісінше талды егудің орнына неге кесіп жатыр?» – деді қала тұрғыны Динара Орынтай.

 «Өмірімде өлгені болмаса, тірі талды кескенін көрген жоқпын. «Талдарды бір жерден екінші жерге отырғыздық, шыршамен толтырдық» деп жауап берді», – деді қала тұрғыны Олжас Сүлейменов.

Белсенді топ ағаш адам өміріне қауіп төндірген кезде ғана кесілетінін айтты. Оның өзінде құзырлы органнан арнайы рұқсат болуы керек. Ал сау талды кескендері ақылға қонбайды деп кейіп отыр.

«Мен қолдамаймын. Бюджет қаржысының да сұрауы бар. Қала әкіміне үндеу жасап, хат жолдаймын. Қаланың экологиямыз ауыр жағдайда екені бәріне мәлім ғой», – деді қоғам белсендісі Ерлан Күмісқалиев.

Келеңсіз жайтқа себеп болған шенеуніктер бұған дейін егілген отыз теректі тәртіппен отырғызылмағандықтан қайтадан алып тастауға тура келді деп түсіндірді.

«Қазіргі уақытта Исатай Махамбет алаңына 200 қылқан жапырақты шырша ағашы егілген. Отыз тал белгілі тәртіппен егілмегендіктен, тамырымен алынып ауылдық округтердің КДМС мекемесіне аймағына егілді. Ешқайсысы кесілген жоқ», – деді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.

Жалпы күзгі терек егу маусымында демеушілер көмегімен 2000-нан аса жасыл желек отырғызылған. Ал түп тамырымен оталған бұталар қазір қала сыртына қарасты мекеме маңына қайта егілген.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі арнаға келетін су көлемін азайтты

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров