Атыраулық оқушылар стартап жобаларымен ел экономикасына үлес қосып жүр

21.10.2025 15:34

Жас өнертапқыштар цифрлық жобалар әзірлеп жатыр

 

 

Атырауда стартап жобалар жасап, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жастар көп. Бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ бүгінде цифрлық бағытқа ден қойған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мәселен, 11-сынып оқушысы қолдағы құрылғы арқылы емхана кезегіне тұрудың тың тәсілін ойлап тапты. Осылайша, оқу мен практиканы қатар ұштастырып жүрген дарынды жас болашағын техникамен байланыстырады.

Аймақта робототехникаға бет бұрған жастардың саны артып келеді. Қазір Атырау хаб орталығында шамамен жүзден аса ұл-қыз сабақтан тыс уақытын осында өткізеді. Мысалы, 11-сынып оқушысы Бекарыс Ерікұлы жақында емханадағы кезек мәселесін шешудің жолын тапты. Және де белгілі бір себеппен сабаққа қатыса алмай қалған оқушылардың проблемасын шешу үшін жаңа жоба әзірледі. Дәлірек айтсақ, құрылғы робот, смартфон арқылы жүзеге асады. 

«Менің жобам 5 немесе 10 жыл жұмыс істейді. Жалпы қазіргі уақытта сайт тұрғыда жобам бар. Осы сайт немесе осы робот арқылы дәрігер немесе жұмысшы қашықтан жұмысқа кіре алады және өзінің тұтынушыларымен жұмыс істей алады. Және осы жоба арқылы оқушылар мен мұғалімдер тығыз байланыста болып, сабақ бере алады», - деді жоба авторы Бекарыс Ерікұлы.

Бір қуантарлығы, ұл-қыздардың қиялынан шыққан жоба түрлі халықаралық, республикалық конурстарда үздіктер қатарына енген. Бүгінде жастар 3Д, мобильді қосымша, компьютер бағдарламасы сынды бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«Біз оқушылармен көп жоба жасаймыз. Әр оқушы курсты оқығанда өз жобаларын жасайды. Кейбір шағын жобалар үлкен ауқымды болып өседі. Одан әрі стартап болуы да мүмкін», - деді жоба жетекшісі Асқар Алдан.

Бекарыс бұл жобаны одан әрі дамытуды көздеп отыр. Пайдалы, тиімді бастаманы іске асыру үшін енді инвестор қажет. «Бағдарлама қолдау тапса, жемісін көрсетеді» дейді өнертапқыш. Бүгінде ұл-қыздардың стартап, роботехника бағытындағы дайындаған жобалары аймақтың әлеуетін арттыруға үлес қосып отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Алматылық депутаттар Dragon City тұрғын үй кешеніндегі заңбұзушылықтарды тексерді