Атыраулық тұрғындар тоқ желісін сырттан тікелей тартуға мәжбүр

26.09.2024 20:24

Құрылысқа жауапты компания сұхбат беруден бас тартты

Атырауда да жаңадан салынған тұрғын үй кешенінен шу шықты. Екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген баспаналарда жағдай жасалмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қыруар қаржы салып, екі жыл бұрын ғана көшіп келген Кәусар тұрғын үй кешеніндегі азаматтар жарыққа жарымай келеді. Әу баста тоқ  желілері дұрыс тартылмаған. Салдарынан жарық қайта-қайта сөнеді. Электр энергиясы өшкен соң, үй жылымайды, тамақ істеу мұңға айналған.

"Ақпанда 2 күн жарық болмай қалды. Күзетшіге барып, шай қайнатып жүрдік. Жарық сөнсе, газ жоқ", – деді қала тұрғыны Сайра Досқалиева.

"Қыста тоқ үзіліп, авариялық жағдай болды. Барлығы бірден істен шығады. Біз де жарық, жылу, су жоқ кездерде эвакуацияландық. Қарашада кепілдік мерзімі аяқталуы керек. Әлі ештеңе жасалған жоқ", – деді қала тұрғыны Әнел Әлімқызы.

Тоқ желілерін мердігер мекеме құрылыс жүргізген кезде стандартқа сай жүргізбеген. Халық тоқты өздері орнатқан. Алайда қысым күші көп болғандықтан, бар дүние жанып кеткен. Әр қабатта орнатылуы тиіс өрт сөндіру құрылғылары да қойылмаған.

"Барлық тұрғын үй кешенінде өртке қарсы арнайы құралдар болуы тиіс. Бірақ бізде жоқ. Ертең оқыс жағдай бола қалса, қалай болады? Соны неге ойламайды? Қыруар қаржы төлеп сатып алдық. Тоқ желілерін жауаптылар жүргізіп берсін", – деді қала тұрғыны Әния Әнетова.

Ал әкімдіктегілер бар кінәні инфрақұрылымды ретке келтіруге міндетті болған құрылыс компаниясына сілтей салды. «Кешен солардың баланысында болғандықтан, қолымыздан түк келмейді деп ат тонын ала қашты.

"Кәусар тұрғын үй кешені әкімдік баланысына тапсырылмаған. Біздің теңгерімде жоқ болғандықтан құрылыс салушы мекеме тұрғын үйді тапсыруы тиіс", – деді Тұрғын үй шаруашылық инспекциясының бас маманы Олжас Хасанов

100-ден аса тұрғыны бар Кәусар тұрғын үй кешенінің халқына күздің қара суығында өз бетінше амалдауға тура келеді. Ал құрылысқа жауапты компания сұхбат беруден бас тартты.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Жер дауы: Алтынарық елдімекенінің тұрғындары егістік жерге қол жеткізе алмай жүр