Ауа сапасын бақылау үшін экологиялық мониторинг жүргізіледі

12.02.2026 21:30

Қалада көгілдір отынға қосылмаған жеке тұрғын үйлер мен моншалар шамамен 21 мың тоннаға жуық зиянды зат шығарады

Алматыда көгілдір отынға қосылмаған жеке тұрғын үйлер мен моншалар шамамен 21 мың тоннаға жуық зиянды зат шығарады. Шаһарда атмосфералық ауаны қорғауға арналған жаңа қағидаттар бекітілген. Оның аясында қоғамдық тамақтану орындарына, моншаларға және жеке тұрғын үйлерге қатты отын пайдалануға тыйым салынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы агломерациясында жыл сайын атмосфераға 225 мың тонна зиянды зат шығарылады. Экологтардың айтуынша, оның 189 мың тоннасы қала аумағына тиесілі. Олқылықты жойып, лас ауадан арылу үшін былтыр желтоқсанда ереже бекітілді. Енді газдандырылған аудандарда жеке үйлер мен моншаларды көмір және сұйық отынмен жылытуға тыйым салынады. Оларды пайдалануға тек төтенше жағдайда ғана рұқсат етілмек. Ереже 2027 жылдан бастап күшіне енеді.

 «Заң бойынша қатты отынға, ағаш жағуға тыйым салынды. Алматы қаласы бойынша зиянды заттың 60 пайызы автотранспорт, қалған 20 пайызы монша, тамақтану орындары, жеке сектордағытұрғын үйлерге тиесілі», – деді Атмосфералық ауаны қорғау бойынша «Таза ауа» штабының басшысы Әділ Нұрпейісов.

Ауа сапасын бақылау үшін экологиялық мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ деректер жинап, өзгерісті талдайтын және қабылданған шаралардың тиімділігін көрсететін бірыңғай цифрлық жүйе құру жоспарланған. Оның аясында азаматтар ауа жағдайы туралы ақпарат алып, түйткілді мәселелер туралы хабарлай алады.

«Экологиялық мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар, тұрғындардың шағымдары қарастырылады. Кәсіпорындардың жоспарлы, жоспарлы емес тексерістері бар. Құқық бұзуылған жағдайда, ҚР Заңнамасына сәйкес шаралар қолданылады», – деді Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Мұхаметрахимова

«Қағидалардың талаптары бір жылдан кейін күшіне енетін болады. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бір жылға ұазыртылған. Себебі қазір қағидаларды бекіткеннен кейін  «үзілді-кесілді бітті,  сендер фильтр қойыңдар, қатты отыннан бас тартыңдар» деп айтсақ халық қиналып қалады», – деді  «ЭкоАлматы» ЖШС атмосфералық ауа департаментінің басшысы Айдана Қасен

Сондай-ақ атмосфералық ауаны қорғау мақсатында қоғамдық көлікті жаңарту да маңызды шаруа. Бұл бағытта қалаға 2 мың 900-ден астам экологиялық автобус алынған. Оның 2 мың 460-ы газбен жүрсе, 268-і электробус және 212-сі троллейбус. Ал биыл тағы 500 экологиялық автобус сатып алу жоспарланыпты. Сондай-ақ жауапты басқарма өкілдері Жылу электр орталықтарын газға көшіру ісінің де қарқынды жүріп жатқанын айтты.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда коммуналдық қызмет күшейтілді