Аурудың алдын алу: Қазақстан мен Корея мамандары тәжірибе алмасты

09.11.2026 16:10

Алматыда OPEN Healthcare Academy халықаралық конференциясы өтті

Аурудың алдын алу – денсаулықты сақтаудың басты жолы. Алматыда Қазақстан мен Оңтүстік Корея мамандары профилактикалық медицинаны дамыту мәселесін талқылады. Халықаралық конференцияда медициналық скринингтен тұрақты өтудің маңызы, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәрігерге тек ауырғанда емес, дені сау кезде де қаралу маңызды. Мамандардың айтуынша, көптеген ауруды ерте кезеңде анықтау емнің нәтижесін жақсартады. Бұл бағытта Оңтүстік Кореяның тәжірибесі мол. Елде қатерлі ісік пен өзге де ауруларды алдын ала білуге мүмкіндік беретін ұлттық скрининг жүйесі қалыптасқан. Алматыда өткен OPEN Healthcare Academy халықаралық конференциясына Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның медицина саласының өкілдері, дәрігерлер мен сарапшылар қатысты. Басқосуда кешенді медициналық тексерулерді ұйымдастыру мен медицинаға заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

«Оңтүстік Корея медицинасының емдеу нәтижелері өте жоғары. Әсіресе, онкологиялық аурулардың басым бөлігі алғашқы және екінші кезеңінде анықталады. Соның нәтижесінде Оңтүстік Корея қатерлі ісіктен айығу көрсеткіші бойынша әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. Алдағы уақытта мұндай академиялық кездесулерді жылына екі рет өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді OHC клиникасының бас дәрігері Мин Хи Сок.

Конференцияда жасанды интеллект пен цифрлық медицинаның мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, арнайы алгоритмдер медициналық кескіндерді саралап, аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға көмектеседі. Ал телемедицина шетелдік мамандардан қашықтан кеңес алуға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі кездесуде Оңтүстік Кореяның озық медициналық тәжірибесімен танысуға мүмкіндік бар. Менің айналамда мемлекетке емделуге баратын адамдар өте көп. Алайда ол үшін уақыт пен қаражат қажет. Ал қазір осындай мүмкіндіктің Қазақстанның өзінде ұсынылуы өте жақсы бастама деп ойлаймын. Өйткені біз жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, медицина саласы да бұл үрдістен тыс қалмауы керек», – деді Ghrcca өңірлік директорының орынбасары Шолпан Пірімбетова.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулерді алдағы уақытта да тұрақты өткізуді жоспарлап отыр. Мамандардың ортақ ұстанымы – денсаулықты сақтау ауру асқынғаннан кейін емес, оның алдын алудан басталады.

Олжас Омарбек, Аяулым Көлжігіт, Думан Дәулетбақұлы

Толық көрсету