Аурухана жанынан табылды: Петропавлда зейнеткер аязда үсіп, көз жұмған

16.01.2026 11:37

Қарияны 60-тан астам адам  14 қаңтардың кешінен 15 қаңтардың таңына дейін іздеген

Аlmaty.tv

Солтүстік Қазақстан облысында полиция жоғалып кеткен егде жастағы әйелдің өліміне қатысты тергеу жүргізуде. Зейнеткер аязда үсіп, көз жұмған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

СҚО полиция департаментінің мәліметінше, 14 қаңтар күні кешкі уақытта полицияға Петропавл қаласындағы 314-ші атқыштар дивизиясы көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын 75 жастағы тұрғын жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.

Зейнеткер әйел сағат 13:00 шамасында үйінен жалғыз өзі ауруханаға шығып, қайта оралмағаны анықталды. Ал ұялы телефоны өшірулі болған.

Департамент өкілдерінің айтуынша, денсаулық жағдайын ескерсе, әйелдің адасып қалған болуы мүмкін.

"Іздеуге қала әкімдігі мен қалалық полиция басқармасы қызметкерлері, арнайы жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлімшелері, Ұлттық гвардия әскері және еріктілер жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына 60-тан астам адам қатысты. Жұмысты ауа температурасының төмен болуы айтарлықтай қиындатты. Оның жоғалып кетуінің ықтимал себептері зерттелді, жүруі мүмкін жерлер тексерілді және бейнебақылау жазбалары қаралды. Алайда қараңғы болғандықтан жоғалған әйелді табу мүмкін болмады", - дейді облыстық полиция департаменті өкілдері.

15 қаңтар күні таңертең учаскелік полиция қызметкері ауруханаға жақын коммуналдық ғимараттың жанындағы адам аз жүретін жерден, қоршаудың жанынан егде жастағы әйелді тапты.

Әйелдің жағдайы ауыр болды және қатты тоңғанына байланысты сөйлеуге шамасы келмеді. Ол дереу жедел жәрдем бригадасына тапсырылды, бірақ өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Полиция 14 қаңтардың кешінен 15 қаңтардың таңына дейін із-түзсіз жоғалды делінген егде жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында автобус аударылып, 4 адам қаза тапты