Ауруханаға жатқызылсаңыз, eGov арқылы жақындарыңызға қалай хабарлауға болады

02.09.2026 17:53

Сервис төтенше жағдайларда жақын адамдарға дер кезінде хабарлауға мүмкіндік береді

Аlmaty.tv

eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасының пайдаланушылары енді ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама жіберу үшін үш сенімді байланыс тұлғаларына дейін тіркей алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметінен хабарлағандай, сервис төтенше жағдайларда жақын адамдарға дер кезінде хабарлауға мүмкіндік береді. Мысалы, пайдаланушы жол-көлік оқиғасына ұшыраса, өзін кенеттен жайсыз сезінсе немесе басқа да себептермен ауруханаға жатқызылып, жақындарымен өздігінен байланыса алмаған жағдайда, ол алдын ала көрсеткен сенімді байланыс тұлғаларына тиісті хабарлама жіберіледі. Бұл жақындарына адамның ауруханаға жатқызылғанын жедел білуге және дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

«Төтенше жағдай кездерінде адам ауруханаға жатқызылған жағдайда, оның жақындарының уақытылы хабардар болуы қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. eGov-тағы жаңа сервис арқылы пайдаланушылар алдын ала сенімді тұлғаны көрсетіп, пайдаланушы шұғыл түрде ауруханаға жатқызылғаны туралы хабардар етуді қамтамасыз ете алады. Бұл цифрлық мемлекеттік қызметтерді адамдардың нақты өмірлік жағдайларына бейімдейтін шағын, бірақ өте маңызды функция» – деп ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин атап өтті.

eGov.kz порталы арқылы сенімді байланысты тіркеу үшін пайдаланушыға:

  • kz порталында авторизациядан өту;
  • «Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама жіберу үшін сенімді байланыс тұлғаларын тіркеу» сервисін таңдау;
  • сенімді байланыстың ЖСН-ын көрсету қажет. Сенімді байланыс Мобильді азаматтар базасында тіркелген және 18 жасқа толған болуы тиіс. Жалпы үш сенімді байланысқа дейін көрсетуге болады;
  • дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растау;
  • келісімді растау үшін сұрау жолдау;
  • көрсетілген сенімді байланыстарға тіркеуді растау немесе одан бас тарту жайлы ұсыныс бар SMS-хабарлама жіберіледі. Тіркеуді растау үшін SMS арқылы 911 кодын, ал бас тарту үшін 912 кодын жіберу қажет. Сұрауды растауға немесе одан бас тартуға 5 сағатқа дейін уақыт беріледі. Белгіленген мерзімде жауап берілмеген жағдайда, сұрауға «Төтенше байланыстың тағайындалуын растау мерзімі аяқталды» мәртебесі беріледі. Сұрау расталған жағдайда оның мәртебесі «Мәліметтер сәтті сақталды» болып өзгереді.
  • сенімді байланыстар келісімін растағаннан кейін өтініш беруші сұрауға қол қояды.

Сенімді байланыс тіркеуді растаған жағдайда, мәліметтер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде сақталады. Кейін пайдаланушы ауруханаға жатқызылған жағдайда, тіркелген сенімді тұлғаға тиісті хабарлама жіберіледі. Сенімді байланыс тіркеуден бас тартқан жағдайда, тіркеу қабылданбайды. Тиісті мәртебе пайдаланушының жеке кабинетінде көрсетіледі.

eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы сенімді байланыстарды тіркеу үшін ұқсас қадамдар орындалады: «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіп, «Денсаулық сақтау» санатын таңдау және «Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама жіберу үшін сенімді байланыс тұлғаларын тіркеу» қызметін пайдалану қажет.

Жаңа функционал жеке тұлғалар үшін тегін қолжетімді. Өтінішті өңдеу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде 10 минутқа дейін уақыт алады.

Өңдеу аяқталғаннан кейін eGov.kz порталында «Менің профилім – Жеке кабинет» бөлімінде, ал eGov Mobile қосымшасында «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінде сенімді байланысты тіркеудің өзекті мәртебесі көрсетіледі.

Жаңарту Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.

Оқи отырыңыз: Алматыда спорттық гимнастикадан Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Толық көрсету