Ауыл - ел бесігі: Маңғыстауда 90 мың шақырым автожолға асфальт төселіп жатыр

05.11.2025 15:56

40 мыңға жуық халқы бар Атамекен ауылдық округінде екі су қоймасы бар жаңа станция салынуда

Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 90 мың шақырым автожолға асфальт төселіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңірдегі асфальт болмаған көшелерге тас жол салынуда. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 4 жарым млрд теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, жаңа су айдау станциясы салынып жатыр. Батыр ауылдық округі – Мұнайлы ауданындағы аумағы жағынан ең үлкен елдімекен. Ауыл ішілік автокөлік жолының ұзындығы 156 шақырым. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында 50 пайызы асфальтталған. Сонымен қатар, 17 шақырым жүргіншілер жолы төселуде.

«Аяғымызға пакет киіп келдік. Көлікті жолда қалдырып, жаяу келдік. Енді ауылымыз 5-6 жылда өте қатты дамып жатыр. Көшелердің біраз жерінде асфальт төселген. Электр жарығы түнде жарқырап тұрады», – деді ауыл тұрғыны Қалампыр Қиянова.

Қазір ауылда 23 шақырымнан астам жолға асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға республикалық бюджеттен 1 млрд қаражат бөлініпті. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. 

 «Қысқы мезгілдерде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қатқыл табанды жолдар төсеу жұмыстарын жүргізіп келгенбіз. 2023-25 жылдарда «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылға көңіл бөлініп, тиімді жұмыстар жүргізілуде», – деді Батыр ауылдық округінің әкімі Сауыт Айтбаев.

Дәл осындай жұмыстар ауданда 7 ауылда жүріп жатыр. Барлығы 90 шақырымға жуық асфальт төселуде. Бұдан бөлек, 40 мыңға жуық халқы бар Атамекен ауылдық округін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, әр қайсысы 3 мың шаршы метрлік екі су қоймасы бар жаңа станция салынуда. Жоба тұрғындардың сұранысын қамтып, су қорын жинауға сеп болмақ.

Оқи отырыңыз: Алмалы ауданында жаңа саябақтар ашылып, көшелер көгалданып жатыр