Ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламаларға қасыту үшін бағыт-бағдар беру керек - Дәурен Рахымбек

12.09.2025 16:08

Биыл Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту үшін 1 трлн теңге бөлінгенін мәлімдеген.

«Ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік бағдарламаларды бір ізге келтіру керек». Бұл туралы «Ауыл» партиясы жастар қанатының жетекшісі Дәурен Рахымбек айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, қаржы бөлінгенімен, ақпараттың қолжетімсіздігі ауылдағы жастардың мүмкіндігін шектеп отыр. Жобаларды жазудан бастап, өткізуге дейін толық қолдау көрсететін жаңа тәсілдер енгізу маңызды.

Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту үшін 1 трлн теңге бөлінгенін мәлімдеген. Президент бұл қаржы агроөнеркәсіп әлеуетін толық ашуға жеткіліксіз екенін атап өтті. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Онда тауарлы шаруашылықтар мен құс фабрикаларына 5 пайыз мөлшерлемемен несие беру, асыл тұқымды мал алуға ұзақ мерзімді қаржыландыру және «Даму» қоры арқылы жобаларды 80 процентке дейін кепілдендіру тетігі қарастырылған. Сонымен қатар ауыл еңбеккерлеріне қосымша әлеуметтік қолдау көрсету де жоспарда бар.

«Көптеген мемлекеттік бағдарлама бар. Оларды әртүрлі ұйымдар ұйымдастырады. Бірақта бірізділік жоқ. Ауылдағы қарапайым азаматтар қатысқысы келеді, оларға жобаларды жазуға, бағыт-бағдар керек. Субсидияларды, мемлеткеттік қолдауды кәсіпорындар, мекемелер алады», – деді «Ауыл» партиясы Жастар қанатының жетекшісі  Дәурен Рахымбек.

Сонымен қатар партия өкілі отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кедергі болып отырған мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті өнім бағасының құбылмалы болуына делдалдар әсер етеді. Бұған қоса, шетелден әкелінетін тауардың салығы төмен болғандықтан, қазақстандық шаруалардың өнімі нарықта өтімсіз қалады. Бұл бағытта да бірнеше ұсыныс айтты.

«Шетелден келетін өнімдерге арнайы салық енгіздіру керек пе? Ұйымдарға, мысалы, өндірілген сүтке субсидия бөлу, сол арқылы қаржылай мотивация беру бағыттарын қарастыру керек», – деді «Дәурен Рахымбек.

Оқи отырыңыз: SAMGAU өнер-спорт мектеп директорының кінәсі дәлелденді