Музей халықаралық терминалдың екінші қабатында орналасқан
Алматы әуежайындағы халықаралық терминалда Авиация мұражайы ашылды. Елімізде алғаш рет көпшілікке таныстырылған бұл музей – Қазақстандағы барлық әуе айлақтарының тарихынан сыр шертеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұнда келушілер мегаполисте 1947 жылдары салынған ескі VIP терминалдың макетімен таныса алады. Сондай-ақ көрмеге маңызды оқиғалар мен тарихи сәттер бейнеленген сирек фотосуреттер, интерактивті экспонаттар қойылған.
Айта кетейік, музей халықаралық терминалдың екінші қабатында орналасқан. Саяхатшылар мен қала халқы кез келген уақытта мұражайды тамашалай алады.
"Өздеріңіз білесіздер, азаматтық авиацияның тарихына 80 жылдан астам уақыт болды. Біз бұл мұраны сақтауға жауапкершілікпен қараймыз. Сондықтан VIP терминалдардың көптеген элементтерін көрсететін осы мұражайды ашып отырмыз. Көрмеде авиацияның өткені мен бүгіні көрсетілген. Сондықтан бұл қаланың мәдени мұрасы ретінде сақталады", – деді Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе.
"Келесі жылы Қазақстанның авиациясының мұражайын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жолаушыларға жасалып жатқан қызмет деп санаймын. Жан-жақтан жолаушылар әуежайдың тарихын көріп,танысады. Жолаушыларға да, қонақтарға да, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа да қажетті іс шара деп санаймын", – деді Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметов.
Оқи отырыңыз: Тәуелсіздік күніне орай Алматы Халықаралық әуежайында туристерге сыйлық табысталады