Автобус апаты: Алматыда 260 жол-көлік оқиғасы тіркелген

Алты айда 349 адам зардап шегіп, 3 тұрғын көз жұмған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда автобустардың қатысуымен болатын апат азаймай тұр. Жыл басынан бері шаһарда 260 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал оның ішіндегі 192 оқиғада автобус жүргізушілерінің кінәсі дәлелденген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көлік қақтығысының салдары да ауыр, 6 айда 349 адам зардап шегіп, 3 тұрғын көз жұмған. Осыған байланысты, тәртіп сақшылары жүргізушілерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және жол ережесін бұзбауға шақырды. Сала сарапшылары мен қоғам белсенділерінің, автопарк қызметкерлерінің басы қосылған жиында тұрғындар талабын ескеру, автобус жүргізушілерінің қатарын толықтыру, сондай-ақ жолаушы көп жиналатын аялдамаларға бақылауды күшейту сынды мәселелер талқыланды.

«Жүргізушілердің жұмыс уақытын талқылады. Өйткені оларға 12 сағаттық жұмыс көп деп ойлаймын. Сондықтан 2 кезеңге бөлу қажет деген мәселе қарастырылды», – деді ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Атап өтерлігі, ел аумағында заң мен тәртіпті сақтау, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Тасымалдаушы» іс-шарасы өтіп жатыр. Аталған бастама тұрақтылықты күшейтуге бағытталған.

Еске салайық, бұл бағытта осыған дейін де «Қауіпсіз жол» науқаны ұйымдастырылған. Атқарылған істің қорытындысына сай, 172 автобус жүргізушісінің жол ережесін бұзғаны анықталған.

Оқи отырыңыз: «Бағанашыл» балалар үйі: Алматы облысының әкімдігі мәлімдеме жасады

Новости партнеров