Алматыда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан қызды қағып кеткен автобус жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты кеше сағат 10:54-те болған. Төле би көшесімен батыс бағытта келе жатқан қоғамдық көлік тізгіндеуші рұқсат етілген жерден өтпек болған 2007 жылғы азаматты соғып кеткен. Жүргізуші Исаев көшесіне бұрылған сәтте ұялы телефонға алаңдаған көрінеді. Жол көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталып жатыр.
«Алматы қалалық Полиция департаменті анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Автобус жүргізушісі қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Істің объективті толық мән-жайын анықталатын болады», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал жапа шеккен қыз абырой болғанда аман қалған. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы өте ауыр. Қазір науқас қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының жан сақтау бөлімінде ем алып жатыр.
«Науқас қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына қосарланған ауыр жарақат диагнозымен жеткізілді. Оған реанимация жағдайында қарқынды терапия жүргізіліп жатыр. Науқастың қазіргі таңда жағдайы өте ауыр. Емдеу ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамаларына сәйкес жүргізіліп жатыр», – деді қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы директорының орынбасары Ермек Желдібаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда сирек кездесетін аурумен ауыратын тұрғындарға қолдау күшейтіледі