Автолизинг: Алматыда алғашқы көлік табысталды

Лизинг арқылы алынған көліктің келісімшарты аяқталғанда, азаматтарға үш түрлі мүмкіндік ұсынылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда автолизинг бағдарламасы ресми түрде іске қосылды. Оның арқасында ел тұрғындары жаңа көліктерін алып үлгерді. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек заңды тұлғаларға ғана берілетін, деді Almaty.tv.

Автолизинг – көлікті ұзақ мерзімге жалға алып, барлық төлемді өтегеннен кейін оны өз атыңа рәсімдеуге мүмкіндік беретін жүйе. Бұрын бұл қызмет жеке тұлғаларға қолжетімсіз еді. Енді бағдарлама Үкіметтің экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және Президент тапсырмаларын орындау шаралары аясында енгізіліп отыр. Министрліктің мәліметінше, автолизингтің жылдық шекті мөлшерлемесі 36 пайыз болып бекітілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 45 процентке дейін жететін. Сонымен бірге төлем екі айдан аса кешіктірілсе, лизинг компаниясы көлікті кері алуға құқылы. Үкіметтегі баспасөз отырысында бағдарламаның несиеге қарағандағы өзге де артықшылықтары айтылды.

«Кез келген уақытта лизинг объектісін, яғни, автокөлікті барып лизингтік компанияда ауыстыруға мүмкіндігі бар. Ол – бірінші артықшылығы, екіншіден, лизинг берілген кезде несиелік тарихтың ықпалы аз болады. Яғни, лизингтен өткен адамның ертеңгі күні несие тарихында ескерілмейді. Екі негізгі айырмашылығы», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев.

Лизинг арқылы көліктерге қол жеткізу де оңай. Азаматтар ең алдымен дилерлік орталыққа барып, өзіне ұнаған көлікті таңдайды. Одан кейін лизинг компаниясына өтініш жіберсе болғаны, шешім автоматты түрде қысқа уақытта шығады. Құжаттары мақұлданған соң жеке тұлға келісімге қол қойып, бастапқы жарнасын төлейді. Осылайша клиенттер жаңа көлікті еш қиындықсыз тізгіндеп кете алады.

«Лизинг компаниялары мен банк қызметкерлері жиналды.  «Біз бастайық, қандай олқылық бар, қандай жерде қандай өзгеріс енгізу керек нақтылана түседі» деп ұсындық. Пилоттық жоба бойынша ешқандай қиындық көрмедік.  Өйткені клиент көлікті таңдады. Алла қаласа көлігіне отырып кетеді», – деді лизингтік компанияның төрағасы Талап Рахманов.

Жаңа бағдарлама аясында алғашқы көлік Алматыда табысталды. Оның шарттарына сәйкес, жылдық мөлшерлеме 15 пайыз болып белгіленген, ал бастапқы жарна 10 процентті құрайды.

«Иә, әрине елім деген ұлдарды қолдағанға не жетсін. Пайыздық үстеме ақысы төменірек, сол жағынан қолайлы. Тұтынушы несие 25 пайыздан 30 пайыз аралығында. Ал жылдық мөлшерлеме 15 пайыз,  10 пайыздық ең бірінші үстеме ақысын төледік», – деді Алматы қаласының тұрғыны Арман Баймолдаев.

Лизинг арқылы алынған көліктің келісімшарты аяқталғанда, азаматтарға үш түрлі мүмкіндік ұсынылады. Алғашқысы көлікті толық сатып алу. Яғни, барлық төлемдер өтелгеннен кейін автокөлік иесінің атына рәсімделеді. Екінші нұсқа - көлікті компанияға қайтару. Мерзім біткен соң азамат өзіндегі автокөлікті лизинг берушіге тапсырып, келісімшартты тоқтата алады. Ал соңғысы  ескі көлікті жаңаға ауыстыру.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыдағы белгілі тұрғын үй кешенінде тексеріс жүргізілді

Новости партнеров