Қызылорда облысы Қазалы ауданында алғаш рет жеті науқастың жүрек қан-тамырларына операция жасалды
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша енді аудандық ауруханаларда да күрделі ота сәтті жүзеге аса бастады. Қызылорда облысы Қазалы ауданында алғаш рет жеті науқастың жүрек қан-тамырларына операция жасалды. Ол үшін Алматыдан арнайы аритмолог дәрігер шақыртылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәрігерлер соңғы жылдары жүрек соғысының бұзылуы жиі кездесетінін айтты. Әрі бұл диагнозбен ауырғандар қатары жасара түскен. Сондықтан жүрек қан тамыры ауруларын дер кезінде анықтап, ем-шара қолдану маңызды. Алматыдан келген аритмолог дәрігер Қазалы аудандық ауруханасында жеті науқасқа ота жасады. Ол үшін «ангиограф» аппаратын пайдаланған. Білікті маман жергілікті дәрігерлерге ем-домның әдіс-тәсілдерін көрсету арқылы жаңа технологияның тілін түсіндірді.
«Алғашқы рет операция жасау арқылы науқасымыздың жүрек соғысын толықтай қалпына келтірдік. Бұл оталар МӘМС жүйесімен тегін жасалады. Барлық науқасқа өте қолжетімді. Бұрын мұндай диагноздар 55-60 жастан асқан адамдарда жиі кездесетін. Қазір өмір салтының өзгеруіне байланысты артық салмақ, қан қысымды дұрыс қадағаламауына байланысты науқастың жасы жасарып жатыр», – деді аритмолог дәрігер Қанат Алдабергенұлы.
«Бұл дертпен бізде пациенттер өте көп. Осыған дейін науқастар дәрі ішіп, болмаса үлкен қалаларда яғни, Алматы, Астана немесе Қызылорда қаласына барып, портал арқылы баратын еді. Енді біз осы науқастарымызды тұрақты түрде осында ота жасалады деп жоспарлап жатырмыз. Көбіне, адамдарда жүрек ырғағының бұзылуы кезінде ентігу пайда болып, ол асқынып кетсе инсультке әкеп соқтыруы мүмкін. Мұндай отадан кейін науқастарымызда инсулть алу қаупі төмендейді және жүрек соғысы қалпына келіп, ентігу белгілері азаяды. Жалпы науқастың жағдайы жақсарады», – деді Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Кенесары Баспаев.
Жаңа әдістің дәстүрлі отадан артықшылығы кеудеге пышақ тимейді. Яғни, тамырға түтікше енгізу арқылы тарылған тұсын кеңейтеді. Ал дәрігер жұмысын монитор арқылы бақылайды. Бұл науқасқа ауырсынуды сездірмейді, әрі денсаулығының қалпына келуі тез.
«Бір ай бұрын ауылға тексеру келіп, сонда ЭКГ-ге түскенде мамандар жүрегің әлсіз соғып тұр деген. Сонымен ауруханаға келіп, толық тексерістен өткенде дәрігерлер жүрегіңнің соғуы әлсіз деп айтты. Алматыдан келген мамандар ота жасады. Аллаға шүкір ота сәтті өтті. Қазір жақсымын», – деді Өркендеу ауылдық округінің тұрғыны Үрзада Әбдімәлікқызы.
Емделуші отадан кейін бірнеше сағат дәрігердің бақылауында болады. Мамандар мұндай шеберлік сабақтары медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, жаңа технологияларды игеруіне мүмкіндік береді дейді.
Асқар Сәрсенұлы, Еркебұлан Батырбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Автолизинг: Алматыда алғашқы көлік табысталды